Спорт

Бекболат Тілеухан: қазақ қырғыздай ат дайындай алмайтынын мойындайық

Федерация президенті қазақ көкпаршысын жалған ақпарат таратты деп айыптады
Sputnik

АСТАНА, 10 қыркүйек — Sputnik. Бекболат Тілеухан Қырғызстан арналарына сұхбат беріп, өз елінде көкпарға еш дайындық жүргізілмейтінін және көкпарға өз атын қосқанын айтқан қазақстандық спортшыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Sputnik тілшісі. 

Бекболат Тілеухан көкпар дауы туралы: әдейі жастарды жібердік - видео

Депутаттың айтуынша, көкпаршының бұл сөздері шындыққа жанаспайды. Себебі, көкпардың атын ұйымдастырушы тарап дайындап қояды. 

"Бұл дәлелсіз айтылған дүние. Айтса қайтейін?! Бір емес, екі емес, бірнеше рет жиын өткізді. Атпен шақырған жаққа барасың. Бірақ Франциядан, Америкадан кім ат алып келеді? Әдетте кім шақырса, сол ат дайындап қояды. Екіншіден, біз бәрібір Қырғызстан секілді ат дайындай алмаймыз.

Осындайда экономикалық шоктың бір пайдасы бар. Кейбір адам күні осы атқа қарап қалғандықтан, оны баптап, сатумен айналысады. Кейін өздері де керемет атбегілер болып шығады. Мұны қырғыздарға қатысты айтып жатырмын. Қазақ — сері әрі атқа құмар халық. Десе де, келесі сөздерім біздің жігіттердің көңіліне аздап келетін сияқты. Айып етпеңіздер! Бірақ қырғыз секілді ат дайындай алмайсыздар. Сарышаян да қырғыздардан келген. Жақсы аттарды айтып жатырмын. Сондықтан қырғыздың ат дайындауы қай жағынан болсын төмен деп айта алмаймыз", — деді депутат.

Әрі қарай ол жалған ақпаратпен жұртты шулатып өзін танытқысы келетіндерге тоқталды. Сондай-ақ, елімізде көкпаршылардың дайындығы қалай өтетінін айтып берді.

"Ортақ дүниеге жанашырлық танытудан гөрі, әркім өзінің кәсібін дөңгелетіп қалғысы келетін кездер болады. Сенсация жасағысы келіп тұрады. Бәлкім бұл да кәсіби ерекшелік шығар. Жаңағы сөздерді сенсация үшін жалаулатып айта салған шығар. Бізде көкпарға дайындықсыз бара салу деген дүние болмайды. Оқу-жаттығулар тұрақты түрде жүргізіледі. Осы мәселені жүйеге қоя алатын елдердің біріміз. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында.

Маған сенесіз бе? Көшеден ұстап әкелген біреуге сенесіз бе?

Оның үстіне Қазақстанда 300-ден астам көкпаршы бар. Кез келгенін алып айта беруге болады", — деді ҚР ұлттық спорт федерациясының президенті.

Бұдан өзге Бекболат Тілеухан неліктен дәл бұлай ақталып жатқанын түсіндірді. Сондай-ақ, бұл жағдайдың мұндай деңгейге көтерілуіне еш себеп жоқ екенін айтып өтті.

"Жалпы өзін кінәлі сезінген адам ғана ақталады деп жатады. Бірақ бұл жерде мен тек сауалдарға жауап беріп жатырмын. Мұнымен қатар, Джакартада боксшыларымыз бен дзюдошыларымыз ұтылды. Бокс державасы Азия алдында масқараға ұшырады. Қанша ақша бөлінгенін білгенде жұрт басын ұстады. Бірақ, қайғырып, құса болып құлаған жоқ. Ал көкпарда біз жүлделі орынға ие болып жатырмыз. Бұдан трагедия жасудың не керегі бар. Мен соны түсінбеймін", — деп қорытты мәжілісмен.