Өңірлер

Алматыда жұмыстан кеш шыққан қызды пышақтап кетті: қаныпезер әлі бостандықта жүр

Арнайы жедел тергеу тобы Алматы тұрғынына пышақпен шабуыл жасаған бұзақыны іздеп жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 қыркүйек — Sputnik. Алматы қаласы Медеу АІІБ полицейлері 4 қыркүйек күні түнде "Думан-2" шағын ауданында тұратын қызға шабуыл жасаған ер адамды іздеп жатыр.

Оқиға жайында Facebook-те Байтақ Тұрсынбаев есімді қолданушы жазған.

Ер адамның сөзіне сүйенсек, Әйгерім Мақашева жұмыстан кейін үйіне жеткізіп салған көліктен шығып, подъезге жақындай бергенде, белгісіз біреу шабуыл жасапты.

"… бір маньяк шабуыл жасаған (айтарға сөзім жоқ) еш себепсіз 12 рет пышақ салған!!! Қыздың алты-артынан сұғып алған, оның бесеуін арқасынан салған!!!. Әйгерім бар күш-жігерін жинап, жарақатын қолымен басып, үйіне жетіп, табалдырыққа келіп құлаған. Қазір ауруханада, жағдайы бір қалыпты, дегенмен әл үстінде жатыр, үш операция жасалды", — деп жазды Байтақ Тұрсынбаев.

Автордың жазуынша, аудандық полиция қылмыскерді ұстау үшін еш әрекет етпей отыр екен.

Көршілері мен достары үлгі етіп келген ер адам қанішер болып шықты

"Алматы қаласының ІІД!!! Неге қылмыскерді әлі іздемей жатыр?", — деп жазады наразы ер адам.

Қала полициясы хабарлағандай, қызға шабуыл жасаған бұзақыны іздеуге полицияның аудандық басқармасының бар күші жұмсалып жатыр, тіпті арнайы жедел іздеу тобы құрылған.

"Қазір жедел, іздеу және тергеу шаралар кешені атқарылып жатыр. Шабуылдан зардап шеккен қыз бір пышақ жарақатын алған. Емдеуші дәрігерден рұқсат алған бойда жауап алынды. Бұл дерек бойынша Медеу ауданды ІІБ жанындағы полиция  бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр ", — деп хабарлады қалалық полиция басқармасы.

Әзірше жасалған қылмыс ҚР ҚК 107-бабы бойынша — "Адам денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян тигізу" – қаралып жатыр. Алайда кейінірек бұдан да күрделірек бапқа ауыстырылуы әбден мүмкін.