АСТАНА, 6 қыркүйек — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды қаласының жаңа орталығындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазақстан президенті Қарағанды қаласының "Оңтүстік-Шығыс" ауданында орналасқан тұрғын алабының құрылысын аралап көрді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына қаланы дамыту үшін тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салу барысы және оның нәтижелері жөнінде баяндалды. Жаңа орталық аумағында бірқатар әкімшілік ғимараттар мен спорт кешендерін, концерт залын, балалар мен жасөспірімдер үйін, логистикалық көтерме-тарату орталығын және мектеп салу жоспарланған.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа "Нұрлы жер" және "Нұрлы жол" бағдарламаларының іске асырылу барысы, соның ішінде Қапшағай-Бурылбайтал-Балқаш бағытындағы жолдың құрылысы мен облыстың ішкі жолдарын қайта жөндеу нәтижелері жөнінде мәлімделді.
Сонымен қатар президент Қарағанды фармацевтика кешенін аралап көрді.