АСТАНА, 5 қыркүйек — Sputnik. Шымкенттік дәрігерлер сәбиін 12 жыл күткен Феруза Құлабдуллаеваның ішінен 50 шақты тас алып шықты. Аяғы ауыр әйелдің осыншама артық затты қайдан жинап алғаны белгісіз. Ауруханаға өте қиын жағдайда жеткізілген оған дәрігерлер шұғыл ота жасап, сәбиін өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Феруза Құлабдуллаева дертінен енді айықты. Келіншек жақын туыстарымен бүгін ғана жүздесіп тұр. Барлығы жас ананы сәбилі болғанымен құттықтап жатыр. Екінші сәбиін 12 жыл күтіпті. Бірақ жүкті болғаны сол екен, денсаулығы нашарлай бастаған.
"Жедел жәрдеммен ауруханаға бірнеше рет түстім. Бірақ он екі жылда көрген балам ғой, уақытына дейін жеткізейін деп ойладым. 36 апта болды, тағы екі апта шыдасам, 38 аптаға жетеді ғой деп шыдауға тырыстым", — дейді келіншек.
34 жастағы Ферузаның бар арманы сәбиін аман-есен босану болатын. Бірақ денсаулығы қайта-қайта сыр бере бастапты. Ең соңында жағдайы нашарлап, төсек тартып жатып қалған. Ауруханаға жеткенде, дәрігерлер оның өн-бойында бірнеше тастың жинақталып қалғанын анықтапты. Сөйтіп шұғыл ота жасаған.
Ең алдымен, кесарь тілігі арқылы іштегі баланы алып шыққан. Мұнан кейін өттегі тасты алыпты. Санағанда бір емес, 50 тас шыққан. Дәрігерлер сәл кешіккенде, сәби түгілі жас ананың өзінен де айырылып қалар едік дейді.
"Бірінші кесарь тілігі арқылы баласын алып, екінші кезеңде өт жолдарын ашып, өттің жүруін қамтамасыз еттік. Сондай шешімге келіп, науқастың өзіне, туыстарына айтып, бірлескен ота жасадық", — дейді қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Талғат Шәуенов.
Дәрігердің сөзінше, науқастың өт жолы мен өт қапшығында пайда болған тастардан жүкті әйел уланып, денесінің барлығы сарғайып кеткен көрінеді. Ота кезінде оның барлығы алынып тасталған.
"Баланы түсіріп аламын ба деп қорықтым. Құдайға шүкір, аман-есен босандым. Дәрігерлерге рақмет. Мені де, баламды да аман алып қалды", — дейді әйел.
Жаңа туған сәбиге Біләл деген ат қойылыпты. Қазір ана мен нәрестенің денсаулығы жақсы. Туыстары да біліктілігі жоғары дәрігерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ деп отыр.