Қоғам

Біртанов: көптеген дәрігер жұмыстан кетпек

Министр дәрігерлердің соңғы болған жағдайларға күйзеліп жүргенін айтты
Sputnik

АСТАНА, 5 қыркүйек — Sputnik. Дәрігерлерге айғақсыз тағылған айыптың өзі оларды тығырыққа тірейді. Осылай мәлімдеді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Маса шаққаннан соң көз жұмған әйелдің өлімі: депутат Біртановқа жүгінді

"Шын мәнінде, көптеген дәрігердің жұмыстан кеткісі келіп отыр. Мен әдейі медицина мекемелеріне барып, дәрігерлермен әңгімелестім. Олардың күйзеліске түсіп, қылмыстық жауапкершіліктен қорқып жүргендері сөзсіз. Дәрігерлерге еш айғақсыз айып тағылған кездер де болды. Осы мәселеге келгенде барынша объективті болып, артық кетпеуіміз керек. Өйткені, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тәжірибесі мол, өз ісінің шеберлерін тығырыққа тірейді", — дейді министр брифинг барысында.

Сондай-ақ, Біртанов ауруханалардың бас дәрігерін тағайындау және оларды қызметінен босату мәселесі әкімдіктің құзыретінде екеніне назар аударды.

Астанада маса шаққан әйелдің қалай өлгені белгілі болды

Естеріңізге сала кетсек, 5 тамыз күні Астана қаласындағы №1 перзентхананың бас дәрігері төртінші ана өлімі тіркелгеннен кейін жұмыстан өз еркінен кетті. Сараптама нәтижесінде, бұл аналардың үшеуін құтқарып қалу мүмкін еместігі дәлелденді.