АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Енді көзі нашар көретін жандар кез келген мәтінді оңай оқи алады. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Любовь Дудченко арнайы қосымша ойлап тапты.
16 жастағы өнертапқыштың жобасы Қытайда жасөспірімдер арасында өткен ғылыми-техникалық байқауда жүлделі орынға ие болды.
"Қосымшаның жұмыс істеу принципі өте қарапайым", – дейді Любовь.
Оның көмегімен кез келген терілген мәтін дыбыстық жазбаға немесе брайль таңбасына ауысады. Әлемде мұндай бағдарламалар бар. Алайда Любаның жобасы пайдалану қарапайымдылығымен ерекше. Сондықтан оны шетелде жоғары бағалаған, деп хабарлайды 24.kz.
"Болашақта жаңа технологиялар жасаумен айналысқым келеді. Бәлкім өз компаниямды ашатын шығармын. Жобаларым мүмкіндігі шектеулі жандарға арналады. Оларға заманауи технологияның көмегімен көмектескім келеді",- дейді ол.
Дәнекерлеуші аспап пен мультиөлшегіш – робот жасаудағы негізгі құралдар. Олармен жұмыс істеуді меңгерген жасөспірім құрылғының техникалық бөлігіне жауапты. Ал жобаны таныстыру – Селимжан Чалышканның міндеті.
"Жобамен күні-түні айналысатын кездер болады. Ондайда маңызды мәселелерді де екінші орынға ысырып қоямыз. Жұмысың нәтижелі болу үшін оған жан-тәніңмен беріліп істеу керек", — дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Чалышкан.
Болашақты бүгіннен бастап жоспарлау керек деп санайтын Любовь Дудченконың инновациялық қоржынында ондаған идея мен дайын жобалар бар.
Қазір ол телефонға арналған жаңа қосымша жасаумен айналысып жүр.