АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Маңызды мәселелердің бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту. Халықтың бір бөлігі тапқан табысынан ешқандай аударым жасамайды, тиісінше олар зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер әзірленді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылып отыр. Оны төлегендер медициналық әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне қатыса алады", — деді президент VI сайланған парламенттің төртінші сессиясының ашылуында.
Назарбаев өзгерістерді жыл соңына дейін қабылдау қажеттігін атап өтті.
"Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға ауысуға байланысты мұның өзектілігі арта түседі. Сондай-ақ кепілдендірілген медициналық көмек көлемінің жаңа моделін енгізу, қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелері мен медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруді қарастыратын заң жобасы әзірленді. Ол қазір парламентте жатыр, оны қарауды ұзаққа созып жібермеуді өтінемін", — деді Елбасы.