Өңірлер

7 жасында сүндеттелген түркістандық кәріс жігіт мұсылман қызға үйленгісі келеді

Түркістан облысының тұрғыны ауылды қалаға айырбастамаймын деп отыр
Sputnik

ТҮРКІСТАН, 31 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысында 7 жасында ислам дінін қабылдап, ауылда өскен кәріс жігіті қала тіршілігі жаныма жат дейді. Мемлекеттік тілді еркін меңгеріп алған ол болашақта кіммен шаңырақ көтергісі және қайда еңбек еткісі келетіні туралы Sputnik тілшісімен бөлісті.

Ислам дінін қабылдауға анасы себепші болған

Ислам діні сәбидің аузына түкірту салты туралы не дейді?

20 жастағы Артем Ким отбасында жалғыз ұл. Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Ащысай деген шағын ғана ауылда дүниеге келген ол 7 жасында анасы Татьянаның қалауымен ислам дінін қабылдап, сүндетке отырғызылады. Ащысайдағы орта мектептің орыс сыныбында оқыған Артем қазақ тіліне судай.

"Ауылда өстім. Ортам қазақы болды. Қазақ балларымен өскен соң қазақ тілін солардан үйрендім. Меніңше тіл үйрену ортаға байланысты және адамның өз қалауы", — дейді Артем. 

"Мемлекеттік тілді білмеу – ұят"

Кәріс жігіті өзінің мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінін көргендер алғашында таң қалысып жататын айтты.

"Қалай үйрендің?" деп сұрақтың астына алады. Мұсылман екенімді естіп тіптен таң қалады. Меніңше әрбір азамат қай елде тұрып жатыр, сол елдің мемлекеттік тіліне құрметпен қарау керек. Тіл білмесең, болмайды. Қазақ тілін маған ешкім күштеп үйреткен жоқ. Өз қалауым болды әрі қызықтым. Алғашында мойындаймын, қиын сөздерді айтуда кішкене қиналдым. Бірге өскен балалар үнемі қолдап отырды. Білмегенімді түсіндіріп жүрді. Уақыт өте үйреніп кеттім. Қазір пайдасы да тиеді", — деді ол.

Сөз арасында мұсылман жігіті шала қазақтар мен мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы жоқтардың әрекетін ұят деп санайтынын білдірді. Өзінің патриот екенін жеткізген ол ана тілін білмегендерді түсінбейтінін ашып айтты.

Тағы оқыңыз: Қытайлар ислам дінін қабылдап жатыр

"Жастар тәжірибесі" бойынша Ащысайдағы мекемелердің бірінде жұмыс істеген Артем бос жұмыс орны болмағандықтан әзірге жұмыссыз. Медбике анасының жәрдемшісі. Кейде науқастарға дәрі егіп, талайдың алғысын да алып жүр. Достарының туыстары сырқаттанып қалса, бірінші болып Артем көмекке барады екен.

Түркістандық тұрғын мемлекеттік қызметке тұру үшін талпынып та көріпті. Бірақ, жолы болмаған. Түрлі кедергілерге тап болған оның анасы да бұл салаға келуіне қарсылық танытыпты. Дегенмен, мұнымен бәрі бітіп қалған жоқ деген ол бос орын шықса, мемлекеттік қызметте де бағымды сынап көруге дайынмын деп отыр.

"Ауыл адамдары бауырмал"

Түркістандағы киелі құдықтың шырақшысы өзі куә болған тылсым күш туралы айтты

Жұмыссыздық салдарынан өзі секілді жастардың көбі қалаға кетіп жатса да, кәріс жігіті ауылды еш нәрсеге айырбастамаймын дейді.

"Бәрі ағылып қалаға кетсе, ауылда кім қалады сонда? Ауыл да көркеюі, дамуы керек. Ауыл деген нағыз рахат мекені ғой. Таза ауа, тыныш. Бәрі бір-бірін таниды. Біз ауылда тура бір үйдің балаларындай өмір сүріп келеміз. Өзіме жан таныштығы жақын. Ал қала — күйбең тіршіліктің ортасы. Адамдары да басқа. Ауылдағыларда бауырмалдық, мейірімділік деген сақталған. Мен ауылдан кетпеймін. Жұмыс табылар. Осында өстім, білім алдым. Енді менің міндетім ауылдың дамуына өз үлесімді қосу. Елге қамқор болу", — деді Түркістан облысының тумасы.

Артем Ким ауылдастарымен

Ораза ұстап, жұма намаздан қалмайды

Кейіпкеріміз егер денсаулығы жараса, әрбір мұсылман азаматы бес парыздың бірі ораза ұстау керек екендігін алға тартты. Өзі жыл сайын Рамазан айын тағатсыздана күтеді. Апта сайын жұма намаздан қалмайды. Алла алдында бес уақыт құлшылық жасау үшін алдымен сауат болу керек деген ол қазіргі таңда діни сауатын ашып жүргенін айтты.

Тағы оқыңыз: Шариғатта "бейуақта" ұйықтауға болмайтыны туралы не айтылған?

"Мұсылман қызға үйленемін"

Кәріс жігіті жар таңдарда ерекше мән беретін талабы да барын айтып қалды.

Боксшы Василий Жиров Мұхаммед Әлидің жолын қуып, Ислам дінін қабылдады

"Жасым небәрі 20-да. Келін әкелу туралы анам қолқа салып отырған жоқ әзірге. "Жассың, жұмыс істе, аяқтан тұрып ал" деп кеңесін беріп келеді. Өзім де шаңырақ көтеруге әлі ерте деп ойламын. Материалдық тұрғыда жағдайымды жақсартып алуым керек. Меніңше отыз жасқа дейін шаңырақ көтерермін. Әрине, барлығы Алланың қалауымен болад", — деген Артем Ким жар таңдарда оның ұлты маңызды емес екенін жеткізді. Бастысы, иманды, әрі мұсылман қызы болуы шарт.

"Мен өзім мұсылман жігітімін. Дін тазалығын сақтауым қажет. Сондықтан мұсылман қызын аламын" деп сөзін түйді жас жігіт. 

Артем Ким мұсылман қызға үйленгісі келеді