Спорт

Тарихтағы тұңғыш этноспорт ойындары Қазақстан жерінде өтеді

"Алтын жебе" турнирі биыл екінші мәрте халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр
Sputnik

АСТАНА, 29 тамыз  Sputnik. Ертең, 30 тамыз күні, елордада "Алтын жебе" ІІ халықаралық турнирі өтеді. Сондай-ақ, адамзат тарихында алғаш рет Қазақстан жерінде әлемдік этноспорт ойындарын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Бекболат Тілеухан айтты, деп хабарлайды Sputnik тілшісі. 

"Аты бар, заты жоқ". Бекболат Тілеухан садақ ата алмаған батырларды сынады

Мәжіліс депутатының айтуынша, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы мен мәдениет және спорт министрлігінің үш жаңалығы бар.

"Біріншіден, 2018 жылдың 13-14 тамыз аралығында Түркияның Стамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның этноспорт жөніндегі кешенді консультативті IV кеңесі өтті. ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілдері, қырықтан астам мемлекеттің спорт министр, депутат пен лауазымды тұлғалары және халықаралық спорт федерацияларының басшылары бас қосқан осы кеңесте 2021 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласында тарихтағы тұңғыш әлемдік этноспорт ойындарын өткізу шешімі жарияланды. Сөйтіп Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындарынан өтетін спорт бәсекелері тамашаланатын болады", — деді Бекболат Тілеухан.

Екіншіден, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы осы бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына толыққанды мүше болып қабылданды. Бұл дегеніміз ендігі жерде ұлттық спорттағы отандық жаттықтырушылар, төрешілер, спортшылардың халықаралық дәрежеде тәжірибе алмасуына, білім алуына және болашақта спорттық классификацияларға қол жеткізуге арналған алғашқы қадам деп айтуға болады.

Тағы да оқыңыз: Бекболат Тілеуханның өмірбаяны

"Үшінші жаңалығымыз, ертең өтетін II "Алтын жебе" халықаралық турнирі. Өздеріңіз жақсы білесіздер, "Алтын жебе" биыл екінші мәрте халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Турнирге он бір мемлекеттен 25 мергеннің қатысатыны анық. "Алтын жебенің" биылғы жүлде қоры — 4 миллион теңге. Бас бәйге екі миллионға жуық", — деп аяқтады өз сөзін ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті.