АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Конституциясы күніне арналған халықаралық конференцияда тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстандағы конституционализмнің даму тарихына тоқталды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстанның конституциясы 1995 жылғы желтоқсанда жалпыхалықтық референдумда қабылданды.
"1995 жылғы көктемде бір топ заңгер ғалымдармен бірлесіп, бізге қандай конституция қабылдау қажеттігін талқыладық. Мен өзім еліміз үшін қолайлы ережелерді іздестіру мақсатымен Еуропаның, Америка мен Азияның 20 елінің конституцияларын жете зерттедім. Себебі, біз басқа мемлекеттің конституциясын сол күйінде көшіріп ала алмаймыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Конституциямыз уақыт талабына сай үнемі реформаланып, жетілдіріліп жатқанын атап өтті.
"Мәселен, өткен жылдың басында мен президенттің бірқатар өкілеттіктерін парламент пен үкіметке олардың дербестігін әрі жауапкершілік аясын кеңейте отырып қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаға бастамашы болдым", – деді мемлекет басшысы.
Назарбаев Қазақстанның Негізгі заңның жоғары заңдық күшін қамтамасыз ету барысында құқық үстемдігін орнықтыру саясатын мақсатты түрде жүргізіп отырғанына тоқталды.
Қазақстанның Конституциясы күні 30 тамызда аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық қаласында дәстүрлі халықтық серуендер мен концерттер өткізіледі. Конституция күні – демалыс күні.