АСТАНА, 28 тамыз — Sputnik. Әкім Әсет Исекешев қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысына жауаптыларды сынады, деп хабарлайды Sputnikәкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала басшысы әлеуметтік желіде тұрғындардың жазып жатқан пікірлеріне қарап "Астана LRT" ЖШС мен жол-көлік инфрақұрылымын дамыту салалары басшыларының жұмысы өзінің де көңілінен шықпай отырғанын жеткізді.
"Барлық қиындықты оқу жылы басталмай тұрып шешіп алу қажет. Адамдар жұмыс істемейтін валидаторларға бола автобус күтіп қалмаулары тиіс", — дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, мемлекет қоғамдық көлік жұмысын субсидиялауға ақша бөліп отыр. Сондай-ақ, Исекешев 90-95%-і жолға шықпайтын автопарктердің келісімшарттарынан айырылатынын жеткізіп, барлық валидатордың жұмысын ретке келтіруді тапсырды.
"Егер валидаторлар тұрақты жұмыс істейтіндей жасай алмасаңыздар, адамдарды тегін тасыңыздар", — деп ескерту жасады Исекешев.
Мұнымен қатар, ол автобустарды бақылауға көмектесетін GPS мониторингінің дұрыс жұмыс істемейтінін жеткізді. Осының салдарынан халық қиындық көріп отырған-ды. Ал электрондық таблодағы және автобустардың келетін уақыты туралы ақпарат арасындағы айырмашылық 3-5 минуттан аспауы тиіс. Бұдан өзге әкім транспорттық карталарды толтыруға қатысты мәселені көтерді.
Тағы оқыңыз: Әкім Астанадағы қоғамдық көліктердің жұмысына қайда шағымдану керектігін айтты
"Картаға салған ақша көп дегенде үш сағат ішінде түскені жөн. Ақша жылдам түсуі үшін жүргізушілер валидаторларды қайта өшіріп-қосулары тиіс", — деп тапсырды әкім.
"Астана LRT" ЖШС-не тамыз айының соңына дейін төлем жүргізудің қосымша түрлерін енгізу тапсырылды. Олар QR-код, смартфон немесе интернет-банкинг арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Автопарк өкілдері төлемнің электронды жүйесі енгізілгелі айналымды 30%-ке көбейткенін және осы ақшаның қызметті жақсартуға жұмсалатынын айтты.