Мейрамдардың сұлтаны Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Ол Ораза айттан 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Айт күндері құрбандық шалынады. Бұл мұсылмандардың бес парызының бірі. Sputnik Құрбан айт жайлы әр мұсылман білуі тиіс деректерді ұсынады.
Құрбан сөзінің мағынасы
Тілімізге еніп кеткен "құрбан" сөзі араб тілінде "жақындау" деген мағына береді. Ал терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Тағы оқыңыз: Құрбан айт намазының уақытын жарияланды
Құрбандық шалудың үкімі
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде пайғамбарымызға (с.а.у): "Намаз оқы және құрбан шал", – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.
Пайғамбарымыз (с.а.у): "Кімде–кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!", – деп бұйырған.
Құрбан шалуға байланысты хадис
"Алла баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар" [Тирмизи, Адахи, 1].
Құрбан шалу кімге уәжіп
Ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман уәжіп бола алады. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие мұсылман уәжіп бола алады. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша.
Ескерту: Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Құрбан шалушы жолда болса
Құрбандық шалу шарттары бойынша, құрбан шалушы тұрғылықты мекенде болуы керек, яғни құрбан шалушы жолаушы болмауы қажет.
Құрбандық шалуда өкілдік
Құрбандық малын мүмкіндік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп ісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе хат секілді жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады.
Өкілге "менің орныма құрбан алып, шал" деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.
Тағы оқыңыз:Ислам дініндегі зинадан да ауыр күнәні білесіз бе?
Құрбан шалу уақыты
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Құрбандыққа қандай мал шалынады
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Бұл күні мұсылман жамағатын, тіпті ислам дінін ұстанбайтын адамдарды етпен тамақтандырған сауапты іске жатады.
Құрбандыққа жарамды мал
Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты – жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, қара малдың ұрғашысын шалған абзал.
Құрбандыққа сойылмайтын мал
Құрбандыққа жылқы малы сойылмайды. Сонымен қатар елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Бірігіп құрбан шалу
Қой немесе ешкіні бір адам құрбандыққа шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір адамның жалғыз, сондай–ақ жеті адамның ортақ шалуына да болады. Ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір адамның құрбан шалу, ал екіншісінің тек етін алу ниеті болса, шалынған мал барлығы үшін құрбан болып есептелмеді.
Құрбандыққа жарамайтын мал
Құрбандыққа бір немесе екі көзі соқыр мал мен құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтіндей ақсақ мал жарамайды. Сонымен қатар тісінің көбі жоқ мал мен мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал жарамайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа шалынбайды.
Құрбандыққа кемшілігі бар мал жарамды
Көру қабілеті нашар мал мен бір аяғы ақсақ бола тұра үш аяқпен жүруге шамасы бар мал құрбандыққа шалынады. Бірнеше тісі жоқ мал мен мүйізінің бөлшегі сынған немес мүйізі қисық мал сойылады. Құйрығы мен құлағының кішкене бөлігі жоқ мал да құрбандыққа шалынады. Құлағы тесілген, пішілген мал да құрбандыққа жарамды.
Құрбан малы қалай шалынады
Құрбандыққа шалынатын малға қарап пышақты қайруға болмайды. Малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен Құбылаға қарату керек. Құрбан шалуға ниет ету мен "Бисмиллә, Аллаһу Акбар!" деп айту керек. Малды сойғанда өңеш, кеңірдек және екі жағындағы екі тамырын кесіп, малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту қажет.
Құрбан шалғанда оқылатын аят
Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:
إنَّ صَلاتِي وَ نُسُكِي وَ مَحْيَايَا وَ مَمَاتِي لّهِلِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ
"Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»459. «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ".
Одан кейін:
ألله أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ
"Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд" – деп, тәкбір айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деп бауыздалады.
Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі
Құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінеді. Бірі құрбан шалушының отбасына, бала-шағасына, екінші бөлігі туған-туыс, көршілеріне, үшіншісі кедей және мұқтаж жандарға беріледі.Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату — мәкрүһ. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
Тыйым салынады
Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.
"Шек беру" деген не?
Еліміздің кейбір өңірінде қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айт пен Құрбан айттан бұрын мал сойып, туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады. Мұны "шек беру" дейді. Шекте қайтыс болған адамдардың аты аталып, әруақтарына құран бағышталады.
Қайтыс болған кісіге сауап болсын деген мақсатпен марқұмның атынан мал сойып, құрбан шалу шариғатта бар. Дегенмен қазіргі кезде құрбан айттан бір күн бұрын шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар бар. Бірақ бақуатты мұсылман адамға құрбан айт күндері мал сойып, құрбан шалу міндет.
Ал құрбан айттан бір күн бұрын шалынған мал нәпіл құрбандыққа есептеледі. Имам Бухари риуаят еткен хадисте: "Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын", — делінген. Ал арапада мал сойған кісінің тұрмысы төмен болса, Құрбан айт келгенде құрбан шалудың қажеті жоқ.