АСТАНА, 17 тамыз — Sputnik. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа оқу жылынан бастап директорларды тағайындауға қатысты өзгерістер енгізілгенін айтты. Сондай-ақ, биыл мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілгеніне тоқталды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мәселесі қаралып, жаңа өзгерістер енгізілді. Осы қағидаларға сәйкес кандидат 4 кезеңнен тұратын конкурстан өтеді: мектептің қамқоршылық кеңесі, заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбат. Мектеп директоры тек 4 жылға тағайындалады. Әрі қарай жұмыс істеймін десе, конкурстан қайта өту мүмкіндігі бар.
"Жаңа оқу жылының маңызды ерекшелігі — әр мектептің дербес шешім қабылдауында. Ол үшін Педагогикалық кеңестің шешім қабылдау құқығын кеңейтіп, нормативтік өзгеріс жасап бердік. Ендігі жерде бес күндік оқуды жалғастыру, ТУП-тарды таңдау, пәндерді ағылшын тілінде жүргізуге көшу, экстернатқа рұқсат беру, ГОСО бойынша кластарды кейбір пәндерді оқытуда бөліп, не бөлмей оқыту, білім сапасын мониторингтеу, тағы да басқа сұрақтарды педагогикалық кеңес өзі шешеді. Сонымен бірге, қамқоршылық кеңестің белсенділігін көтерсек, қоғам, ата-аналар тарапынан қойылатын талаптар жергілікті деңгейде шешімін табатын болады. Мұғалім мәртебесін одан әрі көтеру үшін арнайы Заң қабылдауға ұсыныс береміз", — дейді министр.
Сондай-ақ, ол педагогтарды да жаңа сынақ күтіп тұрғанын айтып өтті. Айтуынша, жалақылары осы біліктілік санаттарына қарай тағы да көтеріледі.
"Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақыны қарастырады. Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63%-ті құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер оны ағымдағы жылғы қарашада қайта тапсыра алады. Сонымен бірге ағымдағы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі", — деді министр.
Қазақстандық мұғалімдерге үстемақы қалай төленеді?
Ерлан Сағадиев айтып өткен "Ұстаз" орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын төрт жарым мыңнан астам мұғалім үшін менторлық арқылы қолдау жасайды. Бір жыл бойы бұл мұғалімдерді толығымен қолдап, үйретіп, сабақтарына қатысып, нақты көмек көрсетілетін болады. Өткен оқу жылы 510 мектеп кейбір пәндерді ағылшын тілінде пилот ретінде оқытса, осы оқу жылы әкімдіктер бекіткен тізімге сай 2 260 мектеп бастайды деп жоспарлануда.