Фото

Армандар орындалады: тілек тілеуге арналған сиқырлы жерлер

Sputnik

Адамдардың бәрі шыншыл, реалист емес. Көпшілігіміз таңғажайып сиқырға сенгіш келеміз әрі онда тұрған не бар?! Ертегіге мүлдем сенбейтін болсақ, өміріміз сүреңсіз күйге еніп, жалығып кетпейміз бе?

Ғажайыпқа әзілмен қарауға да, қалтқысыз сенуге де болады – ол әркімнің өз еркі. Ал қиялға берілгіш жандар армандарына жету үшін әлемнің түпкір-түпкіріндегі сиқырлы жерлерге аттанады. Мұндай жерлер өте көп!

Sputnik Қазақстан сондай жұмбақ жерлердің топтамасын назарларыңызға ұсынады. Кім білсін, бір қажетіңізге жарап қалар.

Су астындағы тылсым музей жайында фотолента

1 / 12
Махаббатта жолым болсын дейтін туристер Италияға келгенде міндетті түрде Шекспир жырға қосқан әйгілі қала – Веронаға – Джульеттаның туған жеріне барады. Мүсінші Нерео Константини Ромео ғашығының мүсінін салып, қазір де бұл туынды қала көркіне айналған. Аңызға сенер болсақ, Джульеттаның оң жақ төсін сағат тілі бойымен уқалап, махаббатың жайлы тілек тілеуге болады. Сонымен бірге, Джульеттаның үйі мен ауласында оған арнап хат жазып, ғашықтық сырларын айтып, шер тарқата аласыз.
2 / 12
Мысырдың Луксор қаласындағы Карнак ғибадатханасында орналасқан қи қоңыз мүсіні. Ел аузындағы наным бойынша, қасиетті мүсінді жеті рет айналсаңыз, аңсаған армандарыңыз түгел орындалады.
3 / 12
Тілек тілеу үшін алысқа аттанудың қажеті жоқ – Қазақстанда да сиқырлы мекендер жетіп артылады. Солардың бірі – Алматыдағы Көктөбе. Таудың басына шығып, күн батар кезде тілек тілесеңіз, міндетті түрде орындалады екен.
4 / 12
Байығыңыз келсе, Сингапурға сапар шегіңіз! Suntec City алаңында орналасқан әлемдегі ең биік фонтанды үш айналсаңыз болды, ауқатты боп шыға келесіз. Алып қола фонтанның құны 4 миллион доллар тұрады, байытқыш сиқырының сыры сонда болса керек.
5 / 12
Париж – таңғажайып мекендерге толы айрықша қала. Сондай жерлердің бірі – киелі Петрдің мүсіні орналасқан Сакре-Кер шіркеуі. Апостолдың аяғын сипағаныңыз сол, тілегіңіз бірден қабыл болмақ.
6 / 12
Ғашықтар қаласындағы сиқырлы орындардың бірі – Эйфель мұнарасы. Әлемнің әр бұрышынан келген Париж қонақтары осы жерде романтикалық селфи жасап, мұнараның дәл түбінде тілек тілейді.
7 / 12
Римдегі әйгілі Треви фонтаны. Фонтанға арқаңызды беріп тұрып, оң қолыңызбен тиын тастасаңыз, арманыңыз міндетті түрде орындалады. Ең бастысы, сенім!
8 / 12
Флоренция қаласының қақ ортасындағы қабанның мүсіні жанынан туристер айналсоқтап шықпайды. Қола жануардың аузынан су бұрқақтап тұрады – сол жерге тиынды дәл түсірсеңіз, тілегіңіз қабыл болады екен.
9 / 12
Сиқырлы жерлерге толы тағы бір қала – Санкт-Петербург. Мысалы, Нева жағалауында орналасқан грифтерді сипасаңыз, арманыма жеттім дей беріңіз.
10 / 12
Таиландтың Бангкок қаласында Замартас (изумруд) Будданың ғибадатханасы орналасқан. Оған келушілер лотос гүлін күбіге малып, тілек тілеп, шашына үш рет жақса, қалауы міндетті түрде орындалады.
11 / 12
Қазақстандағы тағы бір киелі жерлердің бірі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыптылар қасиетті кесенеге келіп, дұға-тілектер оқиды.
12 / 12
Чехия астанасы Прагадағы Карл көпірі. Бұл көпір жайында жұмбаққа толы тылсым оқиғалар өте көп. Ең танымал сенімдердің біріне сүйенсек, бұл жер адамның тілегін орындайтын сиқырға ие. Карл көпірін тамашалап, ғажайып көрініске куә болу үшін таң атар шақ ең қолайлы мезет болып саналады.