Саясат

Назарбаев Руханимен кездесті

Мемлекет басшысы Қазақстанға келген Иран президентіне ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың әрдайым тұрақты сипатқа және достық пен бауырластыққа негізделгенін атап өтті
Sputnik

АСТАНА, 12 тамыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий саммитіне келген Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен кездесті, деп хабарлайды Ақорда. 

Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті өтіп жатыр

"Сіздің саясатыңыз бен жоғары деңгейдегі екі жақты тиімді кездесулеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы сауда-саттық пен жүк тасымалы көлемі артып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу ісі жанданды", — деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иран Каспий теңізі аймағындағы жақын көрші екенін, сондай-ақ 2016 жылғы өзара сапарлар екі жақты байланыстарға тың серпін бергенін айтты.

"Біздің сенім мен өзара түсіністікке негізделген бүгінгі тарихи кездесуіміз Каспийге қатысты барлық мәселені шешіп, Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтады", — деді Назарбаев.

Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келуге мүмкіндік туғызғаны және Иран делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.

"Сізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі саммитте оң нәтижелерге қол жеткізіледі деп үміттенемін. Елдеріміз географиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ басқа да аспектілер бойынша жақын. Сондықтан біздің мүдделеріміз де ортақ", — деді ол.

Рухани халықаралық жиындарда Қазақстанның үнемі Иранды қолдайтынын және ядролық қару тақырыбы жөніндегі халықаралық уағдаластықты тұрақты түрде сақтайтынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласында жүр

"Сіздің еліңіз жаһандық аренада, соның ішінде Астана процесі аясында, өте маңызды бітімгершілік миссиясын атқарады. Біздің қарым-қатынастарымыздың стратегиялық сипаты бар және барлық бағыт бойынша дамып келеді. Бүгін Ақтауда Каспий тақырыбы жөнінде маңызды саммит өтеді. Бұл Қазақстанның жоғары беделін тағы да нақтылай түседі, — деді Иран президенті.

Айта кетейік, Ақтауда қазір Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті өтіп жатыр. Саммитте жиырма жыл бойы жүргізілген келіссөздердің нәтижесі — Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады.