ТҮРКІСТАН, 8 тамыз – Sputnik. Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Сызған ауылында орын алған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық істің тергеу жұмыстары басталды.
Апасының үйіне қыдырып барған 8 жастағы оқушының 10 жастағы әпкесін аңшылық мылтықпен абайсызда атып өлтіргені туралы хабарланған еді. Алған дене жарақатынан қыз бала ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болған.
Түркістан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарудың заңсыз сақталғаны анықталып отыр. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша "Абайсызда қазаға ұшырату" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кеткен.
"Оқ атқан баланың әкесіне қатысты ҚР ҚК-нің "Қаруды заңсыз сақтау" және "Атыс қаруды ұқыпсыз сақтау" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды", — деді полицейлер.