Қоғам

Сайрагүл Сауытбай: Қатты қиналғанда қолымдағы "Алла" жазуы анық көрініп тұрады

Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыпталған қандасымыз алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды
Sputnik

АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. 1 тамыз күні бостандыққа шыққан қандасымыз Сайрагүл Сауытбай фейсбукте тікелей эфирде сұқбат беріп, біраз сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Прокурор Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеуді және шартты жаза кесуді сұрады

Қандасымызбен сұқбатты белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы ұйымдастырды. Әңгіме барысында Сайрагүл Сауытбай оң қолындағы "Алла" деген жазуы туралы айтты.

"Алла" жазуы қиналғанда анық көрінеді

"Анам бұл жазу туған кезден бар деп айтып отыратын. Бала сүйе алмаған отбасылар асырап алмақшы болған. Бірақ ата-анам өздері ырымдап, бермеген жайы бар. Бес жасқа дейін туыстарымның қолында тәрбиелендім, одан кейін өздері қайтып алып кетті", — дейді Сайрагүл Сауытбай. 

Арабша жазылған "Алла" жазуы Сайрагүлдің оң қолында, бас бармағының жоғарғы тұсында орналасқан. Бір қызығы, күйзеліске түсіп, қатты қиналған сәтте жазу кәдімгідей анық көрініп тұрады екен. 

"Мен қатты қиналып, жылаған сәттерімде осы жазу бадырайып, анық көрінеді. Сол кезде өз-өзімді сабырға шақырып, еңсемді тіктеп аламын. Әлгі жазуды үш рет сүйіп қоямын. "Алла Тағала төбемде тұр ғой, жыламайыншы, бәрі жақсы болып кетеді" деп өз-өзімді жұбатамын", — дейді қандасымыз. 

Сәуле Әбілдаханқызы да Сайрагүлдің қолындағы жазуды көргенде, таңданысын жасырмады. 

"О бастан Алла Тағала сені бір миссияға дайындап, тағайындап жіберген сияқты… Демек біз Сайрагүлді қорғауымыз керек шығар", — деді журналист.

Қытайда түрмеде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы сұхбат берді

Сайрагүл Сауытбайдың ісі

Еске сала кетсек, екі жыл көрмеген отбасымен қауышу үшін шекараны заңсыз кесіп өткен қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына барша қазақ жұрты алаңдаған еді. Қытай азаматын осы жылдың мамырында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен үйінен ұстап алып кеткен. 

Назарбаев өзін Қытайда кім деп атайтынын білді

Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келгісі келіпті. Алайда, Сайрагүлдің айтуынша, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сондықтан Қытай оны жібермей қояды. Ал жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтығын алған. 

Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот үкімі 1 тамызда шықты. Алматы облысының Панфилов аудандық соты қандасымызды 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Ол Қытайға берілмейді. Тек алты ай күйеуінің мекенжайы бойынша пробациялық бақылауда болады.

Сайрагүл Сауытбайға азаматтық беріле ме?

Бірінші кезекте, босқын мәртебесін алу керек. Бұл мәселе кемінде үш ай қаралады. Келесі қадам —  Қазақстан азаматтығын алу. 

"Сайрагүл Сауытбайға көші-қон полициясы берген куәлік Қазақстанның азаматтығын алуды тездетуге көмектеседі. Азаматтық алуға байланысты барлық құжат тиісті органдарға тапсырылды, өтініштер жазылды. Ендігі кезекте бұл мәселе ҚР президенті жанындағы мемлекеттік комиссия тарапынан шешіледі", — дейді адвокат Абзал Құспан.