АСТАНА, 6 тамыз — Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі 2018-2019 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлу нәтижесін жариялады.
Қазақстан білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖОО білім беру гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссия өз жұмысын 5 тамыз күні аяқтады.
Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі биыл тек электронды түрде жарияланады.
Биыл салалық министрлік 53 мыңнан астам грант бөлді. Оның 20 мыңнан астамы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығына сәйкес техникалық мамандықтарға үлестірілді. Осы жылы мемлекет есебінен 12,5 мың адам магистрант, 2240 адам PhD доктор атанады.
2018 жылы 147 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді, 102 мың оқушы ҰБТ тапсырды. Биылғы орташа бал 82,6 болды. Түлектердің 85 проценттен астамы шекті балды жинады.