КӨКШЕТАУ, 28 шілде – Sputnik. Ақмола облысында ашу үстінде баласын пышақтап өлтірген қарт кісі сотталды, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Қайғылы оқиға өңір ауылдарының бірінде 17 наурызда болған. Сол күні мас тұрғын әйелімен түнде қонақтан оралады. Киімін ауыстырып, малды жайғастыруға дала шығып кетеді. Үйіне қайтып келсе, ұлы теледидардың даусын қатты қойып көріп отырған немерелеріне ұрысып жатыр екен. Ақсақал балаларға тиіспе деп ескертеді. Сол кезде екеуінің арасында жанжал туады: әкесі бұрын да жұмыс істемейсің деп баласына ұрысқан.
Кенет баласы үтікті алып әкесінің басына лақтырып жібереді, ақсақал соққы алып, шкафқа құлап түскен. Ашуға булыққан ол ас үй пышағын алып, ұлының кеуде тұсына екі рет сұғады. Жігіт алған жарақатынан жедел жәрдем келгенше жан тапсырды.
Қалыңдық күйеуін тойға бұрынғы қызын шақырғаны үшін жауыздықпен өлтірді
Полиция ауыл тұрғынын қамауға алды. Сотта марқұмның анасы күйеуіне кешірім беріп, жазаламауды өтінген.
Ақмола облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот 64 жастағы ер адамды кісі өлтіргені үшін айыпты деп таныды. Ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.