Қоғам

Бишімбаев пен Ермегияев бостандыққа шығуы мүмкін бе?

Қылмыстық саясатты ізгілендіру туралы заңда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды босату көзделмеген
Sputnik

АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен "Астана ЭКСПО-2017" ҰК басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев қылмыстық саясатты ізгілендіру аясында мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

5 мың педофил мен қаскөйді ешкім босатайын деп жатқан жоқ – Бас прокуратура

"Жоқ, әрине. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталды. Ізгілендіру адамның кім екеніне емес, оның жасаған қылмысына байланысты. Бишімбаев болсын, Ермегияев болсын, егер оларда заңды күшіне енген қылмыс құрамы болса, онда олар бұл санатқа кірмейді", — деді Ахметжанов.

Оның айтуынша, қылмыстық саясатты ізгілендіру қоғамға шын қауіп төндіретін адамдарды оқшаулауға бағытталған. Ауыр қылмыс жасағандарды, соның ішінде қарақшылар, адам өлтіргендер мен педофилдерді ешкім түрмеден босатпайды.