АСТАНА, 26 шілде — Sputnik. Қазақстан билігі Қырғызстанда мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбиді елге жеткізді, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі Sputnik агенттігіне.
Қазақстан азаматшасы Ыстықкөлге демалуға барған, 5 шілдеде мерзімінен бұрын толғағы басталыпты. Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласындағы перзентханада шала туған нәрестелерге қажетті жағдай жасалмаған. Сол себепті қазақстандық дипломаттардың арқасында әйел адам Бішкекке шұғыл жеткізіліп, 6 шілдеде аман-есен босанды.
Анасының құрсағында жеті ай ғана жатқан сәби 1 985 грамм салмақпен туды, оны шала туған нәрестелерге арналған арнайы аппаратқа қосып қойған. Дипломаттар қазақстандық және қырғызстандық дәрігерлермен кеңесіп, шақалақтың әрі қарай дамып жетілуі үшін, Тараз қаласына жеткізуге шешім қабылдады.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы жаңа туған сәбилерге арналған реанимобиль ұсынып, Қазақстан елшілігі көліктің екі ел шекарасынан еш кедергісіз өтуіне жағдай жасады.
"Қазақстандық консулмен бірге реанимобиль 23 шілдеде қазақ-қырғыз шекарасынан өтіп, жас босанған әйел мен нәрестесін Тараз қаласына жеткізді", — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қазір ана мен бала тараздық дәрігерлердің бақылауында, өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Тағы оқыңыз: