Өңірлер

Түркістанға көшетін мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өседі

Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысына 20 процент үстемақы қосылады
Sputnik

АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс орталығына көшіп баратын қызметкерлерге мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жансейіт Түймебаев облыс әкімі аппараты мен облыстық басқармалардың қызметкерлерімен кездесті. Жиында әкім Түркістан қаласының даму жоспарымен бөлісіп, көшіп баратын қызметкерлерге заң талаптары аясында  мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін түсіндірді. 

Қазақстандықтардың жалақысын көбейтетін заң шықты

Облыс басшысының айтуынша, Түркістанға көшіп баратын мемлекеттік қызметкердің еңбекақысына 20 процент үстемақы қосылады. Сондай-ақ, жыл сайынғы төленетін 30 күндік еңбек демалысына экология үшін 7 күн  сауықтыру демалысы беріледі. Еңбек демалысымен бірге жыл сайын сауықтыруға арналған төлемдердің үстіне бір айлық жалақы көлемінде материалдық көмек беріледі. 

Бұдан бөлек, Түймебаев облыс орталығына көшіп баратын қызметкерлерді орналастыру үшін Түркістан мен Кентаудағы пәтерлер мен қонақ үйлердің, жатақханалардың тізімі жасалып жатқанын атап өтті. 

"7-20-25": Түркістан облысында қанша үй салынып жатыр?

"Бұл үйлерді жалдап тұру үшін республикалық бюджеттен әр қызметкерге ай сайын 81 600 теңге беріледі. Ал келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер жатақханамен қамтылады. Елбасының "7-20-25" бағдарламасы аясында биыл Түркістан қаласында жекеменшік компаниялар 6 көпқабатты тұрғын үй, яғни, 15,6 мың шаршы метр болатын 288 пәтердің құрылысын бастады. 2019 жылы құрылыс аяқталып, үйлер пайдалануға беріледі жоспарлап отырмыз. Сондықтан да жас мемлекеттік қызметкерлерді осы бағдарламаға қатысуға шақырамын",-деді облыс әкімі. 

Түймебаев алдағы 1,5 жыл ішінде барлық мемлекеттік қызметкер қызметтік пәтермен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Қазіргі ережеге сәйкес, еңбек өтілі 10 жылдан жоғары, басында баспанасы жоқ қызметкерлерге қалдық сомасымен бірге қызметтік пәтерлерді жекеменшікке беру мәселесі арнайы комиссияда қаралады. 

"Жиын барысында мәлім болғандай, 2019 жылы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің пилоттық режимі енгізіледі. Яғни қызметкерлердің жалақысы жұмыстың сапасы мен нәтижесіне қарай 1,5-ден 2,5 есеге дейін көтерілмек", — делінген хабарламада.