Қоғам

Қазақстан полициясы Денис Теннің өлімі үшін кешірім сұрай ма?

Рашид Жақыповтың айтуынша, спортшының өлімі үшін кешірім сұрау не сұрамау – заңнамалық аспекті емес
Sputnik

АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов ведомство Денис Теннің өлімі үшін кешірім сұрауы керек деп санамайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Денис Теннің өлімі: Арман Құдайбергеновтің 10 күн бұрын Астанада ұсталғаны рас па?

Жақыпов Денис Теннің өлімі үшін кешірім сұрау немесе сұрамау заңнамалық аспекті емес екенін атап өтті.

"Егер Қазақстан полициясы әлем полициясы сияқты елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты екенін ескерсек, онда біз  жауап беруге тиіс екенімізді мойындаймыз. Ал, егер, нақты осы жағдайға қатысты айтар болсақ, онда адам ретінде, осы жүйедегі құзырлы қызметкер ретінде, ішкі істер министрінің орынбасары ретінде менің мойнымда да моральдік жауапкершілік бар екенін мойындаймын. Ал, бірақ, халық алдына шығып,  кешірім сұрау, тіпті, ол қоғамдық резонанс тудырса да. Егер, қылмыс тікелей полиция қызметкерлерінің кінәсінен болған болса, халық алдына шығып, кешірім сұрауға дайынмын. Ал, егер, қылмыстың себебі полицейлерге ғана қатысты болмаса, онда бұл мәселе мейлінше дұрыс деп ойламаймын", — деді Жақыпов.

Ол өмірінде қарамағындағылардың істеген ісі үшін кешірім сұраған кездері болғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Денис Теннің өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады. 

Министр Қасымов отставкаға кете ме? ІІМ-нің жауабы

Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.

20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов қолға түсті.

Тағы оқыңыз: Денис Теннің өліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпарат жалған ба?

Ал бүгін Денис Теннің өліміне қатысты тың деректер шықты. Алматы ІІД ақпаратынша, оқиғаны көзбен көрген адамдар табылған. Бетпе-бет кездесу барысында Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ сұққанын мойындады. Бұған дейін Арман Құдайбергенов пышақ жарақатын салғанын айтқан еді. Екі күдікті де бұрын заңды бұзған.