АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин жаңа оқу маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бекшин жаңа оқу жылына дайындалып жатқан ата-аналарға мектеп сөмкесіне қатысты кеңес берді.
"Мектеп сөмкесін немесе рюкзагын таңдаған кезде, гигиеналық талаптарды сақтау қажет. Ең алдымен, ортопедиялық арқалығы қатты сөмкені таңдаған жөн. Арқаға асып алатын кең иықбаулары болуы керек. Иықбау жұмсақ матадан жасалғаны абзал. Сөмкенің салмағы мен көлемі баланың бойы мен жасына сәйкес болуы керек. Бос сөмкенің салмағы 1 келіден аспау керек", — деді ол.
Бас санитарлық дәрігер оқулықтардың салмағына баса мән берілетінін атап өтті. Осы орайда ол қазақстандық оқулықтардың салмағы қанша болуы керектігіне тоқталды.
"Оқулық салмағы әр оқушы үшін маңызды. 1-4 сынып, яғни бастауыш сынып үшін әр оқулықтың салмағы 300 грамнан 5-6 сынып үшін – 400 грамнан, 7-9 сынып оқушылары үшін – 500 грамнан, ал жоғары сыныптар үшін – 600 грамнан аспауы тиіс. Біз оқулық салмағына қатысты мәселені үнемі бақылауда ұстап отырамыз", — деді Бекшин.
Оның айтуынша, өткен жылы "Алматы кітап" баспасы әзірлеген екі оқулықтың салмағы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеген.
"Бұл қазақ тілінде оқытатын 1 сыныпқа арналған "Орыс тілі" оқулығы, салмағы – 402 гр, ал норма бойынша – 300 гр. Екіншісі орыс тілінде оқытатын 1 сыныпқа арналған "Қазақ тілі" оқулығы, салмағы – 424 гр, норма – 300 гр. Біз бұл баспаны тексерген кезде, аталған оқулықтар санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өтпегені және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының жоқ екені анықталды. Сондықтан "Алматы кітап" баспасына оқулықтың салмағына қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы санитарлық нұсқама берілді. Одан кейін бұл оқулықтар салмақты сәйкестендіру үшін екіге бөлінді. Ал баспаның сауда бойынша қызметі 1 айға тоқтатылып, әкімшілік шаралар қолданылды", — деді Бекшин.
Білім министрлігі "Орыс тілі" оқулығының кемшілігін жөндеуге уәде берді