АСТАНА, 20 шілде — Sputnik. Полиция Денис Теннің өліміне қатысы бар екінші күдікті – Қызылорда облысының 24 жастағы тұрғынын іздеп жатыр, деп хабарлады ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі.
"Денис Тенді өлтірді деген екінші күдіктіні іздеуге бүкіл жеке құрам мен аймақтық ішкі істер департаменттерінің басқа да күштері жұмылдырылған. 1994 жылы туған Қызылорда облысы тұрғыны Құдайбергенов Арман Бүрібайұлы іздестіріліп жатыр", — деп мәлімет берді ведомство.
Күдіктінің түр-сипаты: арық денелі, бойы — 165-170 сантиметр, қара футболка мен сұр джинсы киген, қара түсті аяқ киімі және күннен қорғайтын көзілдірігі бар.
Күдіктінің қайда жүргені туралы қандай да ақпарат белгілі болса, ішкі істер министрлігі Алматы ІІД-іне хабарласуды сұрайды: 8 (7272) 54-40-42, 54-40-18, 54-41-00, 54-43-66 немесе 102.
Ведомство атап өткендей, қылмыстық істі тергеуге ІІМ мен Алматы ІІД-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Оны ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов басқарады.
Бірінші күдікті – Қиясов Нұралы – кінәсін мойындады, қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.