Өңірлер

Шымкентте бір балаға зар болып жүрген әйелдер емшіге алданып қалды

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әйелдер емшіге 250 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін ақша берген
Sputnik

ШЫМКЕНТ, 17 шілде – Sputnik. Шымкентте бала көтере алмай жүрген бір топ келіншек "алаяқ емшіге алдандық" деп шу шығарды, деп хабарлайды КТК.

Бедеулік пен белсіздік қазақтың қасіретіне айналып барады

Сайрам ауылында тұратын емшіге әйелдер келіп, 250 мыңнан бастап миллион теңгенің арасында ақша берген. Ал, тәуіп өз кезегінде оларға бала көтересің деп кепілдік беріпті. Бірақ, бала тумақ түгілі келіншектер жарымжан болып жатыр екен. Ал, емші болса керісінше өзін алаяқ әйелдердің құрбанымын деп отыр.

Бір перзентке зар болып, көрінбеген дәрігері мен емшісі қалмаған келіншектердің арысы Ақтау мен Атыраудан, бірі Семей өңірінен келген. Шымкенттік Ұнсынай Маскееваның бедеу әйелді демде емдейді екен дегенді естіп, алып-ұшып келген оларды емші еш кідірместен қабылдапты. Барлығына бір диагноз қойып, бір ғана емдік шара жүргізіпті. Бірнеше күннен кейін көтердің деп қомақты сыйлық әкелуді бұйырады.

Бала көтеруге кедергі болатын тағам түрі анықталды

"30 мамырда көтердің деп шықты. Тест қызарып шықты. УЗИ-ға барсақ ешқандай бала жоқ", — дейді жәбірленушілерді бірі. 

"Мен 35 күнге 700 мың теңге төледім. 700 мыңға кіретіні тампон мен бір майы бар уқалайтын. Бірақ менің жатырым кішірейіп қалды. Осыны айтып барғанымда, мені кәдімгідей қорқытты", — дейді тағы бір келіншек. 

Өздері Ұнсынай апа деп атаған емші шытырлатып ақша алғанымен қоймай, тез көтеру үшін жатқан жерін тазалауды бұйырады дейді келіншектер. Яғни, медициналық орталықтың еденін жуып, шаңын сүртсең бала көтеруге мүмкіндік көбейетін көрінеді. Алдандық дегендердің арызын тыңдаған құқық қорғаушы Айгүл Орынбек, қазірдің өзінде опық жегендер саны 40-тан асқанын  айтады.

Қазақстандық экологтар жұмыртқадан белсіздік пен бедеулікке әкелетін улы химикат тапты

"Қазақстанның әр түкпірінен өте көп. Атырау жақтан жатырынан айрылып жатқан қыздар бар, Алматы жақтан 2 трубкасынан айрылып жатқан қыздар бар. Яғни бұл кісі УЗИ-ға түспейсің деп, қыздардың сеніміне кіріп, психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп денсаулығына зақым келтіріп отыр ғой. Қазір кейбір қыздар реанимацияда жатыр", — деді Орынбек.   

Ал 55 жастағы емшінің өзі әр пациенттен күндігіне 4 мыңнан артық алған емеспін деп ақталады. Жұртқа жақсылық жасаймын деп өзім қоқан-лоққы естіп жатырмын дейді.

Даладағы әжетхана белсіздікке шалдықтыруы мүмкін бе? 

"Ақшамды қайтар деп күн сайын телефон арқылы қорқытып жатыр. 2 миллион, 3 миллион бергенбіз деп  өтірік соғады. Өлтіріп кетеміз деп жатқандары да бар", — дейді емші Ұнсынай Маскеева.

Жәбір көрдім деген емші қазір 4 адамға қатысты тергеу органдарына арыз түсіріпті. Өз кезегінде Ұнсынай Маскееваға алдандық деген әйелдер де жаппай полицияға шағым жазып жатыр. Емшіден көңілі қалған келіншектер бұл іске елордалық шенеуніктер назар аударса дейді. Себебі, құрығы да ұзын  қалтасы да қалың емші күнгейде жазасыз қалуы мүмкін деп қорқады.