Қоғам

Құрбан айт 2019: мереке жайлы не білуіміз керек?

Мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы күнінде, яғни, Арафа күнінен кейін және Ораза айттан 70 күннен кейін басталатын Құрбан айт мейрамы үш күн тойланады
Sputnik

Араб тілінен аударғанда, құрбан сөзі "жақындау" деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, Құрбан айт күндері мүмкіндігі бар мұсылман құрбан шалып, сауап істер арқылы Аллаға жақындайды. 

Құрбан айттың тарихы 

Ислам тарихында құрбандыққа шалынған ең алғашқы мал — жұмақтан түскен аспан түстес көк қошқар болды. Бірақ, әуел баста бұл күні Ибраһим пайғамбардың баласы құрбандыққа шалына жаздаған. 

Ұзақ жылдар бойы бір перзентке зар болып, Алладан бала сұраған Ибраһим Пайғамбардың тілегін қабыл еткен Құдай оған қартайған шағында бір ұл сыйлаған екен. Күндердің күнінде Ибраһим түс көріп, түсінде сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалу керек деген аян түседі.  Құранда жазылғандай, Пайғамбарлардың түсі Алланың бұйрығына тең және күмәнсіз дүние. 

Алладан аян түскен соң, Жасағанның жаса дегеніне қарсы шыға алмай, Ибраһим Пайғамбар ұлын ертіп, қазір Мекке қаласы тұрған алаңға барады. Алла Тағалаға адалдық танытып, оның бұйырғанын екі етпеген ол қолына пышақ алып, ұлының мойнына тақай бергенде, Алла періштесін жіберіп, оны тоқтатқан екен. 

Алла сенімінен таймай, сынаққа шыдаған Ибраһим Пайғамбарды жарылқап, аспаннан көк қошқар түсіреді де, бала Исмаилдың өмірін сақтап қалған. Міне, содан бері иісі мұсылман Құрбан айтта мал бауыздап, Аллаға бір табан жақындауды ниет етіп келеді. 

Жылдың ең қадірлі күні — Құрбан айттың алғашқы күні 

Қасиетті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) "Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүнімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандық шалыңдар" деген. 

Хадистер де жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың бірінші күні екені айтылған. Яки, бұл күн Алла Тағала бауыздалған малдың қанына зәру емес екенін, керісінше, пенде құрбандық шалу арқылы Аллаға зәру екенін, Аллаға жақындап, жұмақтан дәмелі екенін көрсетеді. 

Құрбандыққа қой ғана сойыла ма?

Алла Тағала Ибраһим Пайғамбарға көк қошқар түсіргенімен, Құрбан айтта қойдан басқа да жануарды құрбандыққа шалуға рұқсат берілген. Бірақ, кез келген төрт аяқты бауыздауға жарай бермейді. Шариғаттың талабына сай, жылқы малы құрбандыққа шалынбайды. Құрбандыққа еркек-ұрғашысына қарамай, қой, ешкі, түйе, сиыр сойылады. 

Елбасы: Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың мейрамы
Құрбан айтта сойылатын ешкі мен қой ең кемі бір жасар болуы шарт. Дегенмен, алты айлық төл ірі қойдай семіз болса, бауыздауға болады. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе ең кемі бес жаста болуы шарт. 

Құрбандыққа шалынатын малдың дені сау, он екі мүшесі түгел болуы керек. Көзі соқыр, бауыздалатын жерге ақсаңдамай, өздігінен жүріп бара алмайтын, құлақтарының ұшы жоқ, мүйізі түсіп қалған, тісі толық немесе жартылай жоқ ауру, асау мал жарамайды.

Қой мен ешкіні бір ғана адам құрбан ете алса, түйе немесе сиырды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Бірақ, айтып өткеніміздей, осы адамдардың арасында бір адам құрбандықты тек ет алу үшін шалып жатса, қалған адамдардың да ниеті қабыл болмайды. 

Қан шығарып, бет сыйпау жеткіліксіз 

Шариғатқа сай, 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, қамауда отырмаған, ақыл-есі дұрыс жол жүріп жүрмеген мұсылманға құрбандық шалу міндет.  Дегенмен, құрбандық шалу мал сойып, қан шығарумен ғана шектелмейді. Бұл күні адамның ниеті дұрыс, тәубесі түгел, шүкірлігі де басым болу керек. Яғни, ең бірінші ниет, екінші әрекет. 

Құрбан айт: Астанада құрбандық шалуға қай жерлерде рұқсат етілген?

Сол әрекетке тоқталсақ, Құрбан айттың бірінші күні мұсылман адам ерте тұрып, ғұсыл алып, таза киімін киіп, хош иістеніп мешітте айт намазына барғаны абзал. Оразасын құрбан малдың етімен ашу үшін намазға нәр тартпай бару ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың сүннеті. 

Ал, құрбан айт күндері қасиетті Меккедегі қажылық аяқталады.  Құрбан айттың бірінші күні таң атқаннан кейін Муздәлифәда таң намазы оқылады. Таң намазынан кейін Муздәлифә уақфасы жасалады. Жерге жарық түскенге дейін дұға етіліп, тілек тіленеді. Сосын қажылар күн шықпай Минаға қарай бет алады. Минада шатырларға орналасқаннан кейін шайтанға тас лақтыру үшін Үлкен шайтанға барады. Құрбан аиттың бірінші күні Үлкен шайтан тасқа (Ақаба жәмрасына) жеті тас лақтырылады. 

Ең есте ұстары, алғашқы құрбан мал тек Айт намазы біткеннен кейін ғана бауыздалады. Ертең құрбан айт басталады деп отырған күні сойылған мал құрбандыққа жатпайды.

Яғни, құрбандыққа аталған мал Құрбан айттың бірінші күні айт намазы оқылып біткеннен бастап айттың үшінші күні ақшам намазына дейінгі аралықта бауыздалуы тиіс. Егер мал соятын жер жарық болса, түнде де құрбан шала беруге болады. 

Құрбан айтқа арналып алынған мал белгілі себептермен сол күндері сойылмай қалса, малды садақа етіп беру керек. 

Құрбан малдың етін қалай бөлген абзал?

Бай болсын, кедей болсын, құрбандыққа шалған малының етінен жеуіне рұқсат берілген. Жалпы, құрбан малдың етін үшке бөліп тарату жақсы амалға жатады. Еттің бір бөлігі туған-туыстары мен көршісіне, екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға таратылса, үшінші бөлігі өзінің отбасына қалады. Құрбандыққа шалынған малдың терісін, бас-сирағын, ішек-қарнын лақтырып тастауға болмайды. Көршісі бай болсын, кедей болсын, құрбандыққа шалынған малдың етін ең алдымен көршісіне апарып беру де жақсы іс.

Ал, мал сойып, құрбандық шала алмаған азаматтар жеті шелпек пісіріп, өлілер үшін құран оқытып, тірілер үшін дұға тілесе, бұл да сауапты іс. Әсіресе, араздасқан туыстар бір-бірінен кешірім сұрап, татуласса, ауырып жатқан туыстары бар адамдар сырқаттың көңілін сұрап, әдемі тілек білдірсе, Құрбан айтта құр отырмай, алақан жайып, Алладан тілек тілесе де мол сауап.

Құрбан айтта неше күн демаламыз? 

Қазақстанның "Еңбек туралы" заңына сәйкес, 2005 жылдан бері Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып келеді. Биыл Құрбан айт мейрамы 11-13 тамыз күндеріне түсіп тұр.