Қоғам

Назарбаев белгілі халық әртісінің қазасына орай көңіл айтты

Қазақстанның халық әртісі, "Отан" орденінің иегері Зәмзәгүл Шәріпова 86 жасында өмірден өтті
Sputnik

АСТАНА, 15 шілде — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев Зәмзәгүл Шәріпованың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстанның халық әртісі дүниеден озды

"Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия саласындағы талантты актерлер шоғырының белді өкілдерінің бірі болатын. Оның кинода және театр сахнасында сомдаған айшықты рөлдерін өнерсүйер қауым әрдайым қызыға тамашалады. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы арқылы өз саласында айрықша із қалдырды.

Зәмзәгүл Шәріпованың қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды деп сенемін", – делінген жеделхатта.

Зәмзәгүл Шәріпова 1931 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, "Қазақфильм" киностудиясында және қазақ радиосында еңбек етеді. 1953жылы М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданды. Сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет еткен актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса рөл сомдады.