Әлем

Үйлену тойында қалыңдықтың көйлегі өртке оранды

Тойда жағылған бенгал оты қалыңдықтың көйлегін тұтандырып жіберген
Sputnik

АСТАНА, 13 шілде — Sputnik. Англияның Дэвон графтығында үйлену тойы үстінде қалыңдықтың көйлегі өртенді, деп хабарлайды Daily Mirror.

Некелесу салтанатынан кейін достары және отбасымен далада бенгал отын жаққан соң, қалыңдық ішке кіре бергенде бірдеңенің тұтанған иісін сезеді.

Қостанайда той өтіп жатқан мейрамханада өрт шықты - видео

Иістің қайдан шыққанын білу үшін, артына бұрылып қараса, көйлегінің етегі отқа оранғанын көреді. Аяқтары да күйіп бара жатқандай сезілген.

"Бірден айғайға басып, ес-ақылым шықты. Көйлегім өртеніп бара жатты, құшағымда кішкентай қызым бар еді. Не істерімді білмедім", — дейді қалыңдық Рейчел.

Бірақ, абырой болғанда, Рейчел мен оның достары көйлекті тез-тез қаққылап, жалынды сөндіріп үлгеріпті. Алайда әдемі көйлектің түгі қалмаған.

Болжам бойынша, шашыраған бенгал оты қалыңдықтың көйлегіне тиіп, тұтанып кеткен екен.

Той үстінде болған бұл оқиға қонақтарды түгел есеңгіретіп тастағанымен, қалыңдық еш сыр білдірмей, бойындағы күш-жігерін жинап, күйеу жігітпен биге биледі.