АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Алматы мен Астананың судьялары неге "жылап" жүргенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде сот жүйесінің ең өзекті проблемасы – бұл шектен тыс жүктеме. Жыл сайын басқа мемлекеттік органдар соттарға өз функцияларын береді. Бұл осымен қанша жыл жалғасып келеді. Десе де мемлекеттік органдардың функциялары қысқарғанмен, штаты сол күйі қалады, ал судьялар саны ұлғаймайды. Ал жұмыс көбейе түседі", — деді Асанов кеңейтілген кеңесте.
Оның айтуынша, бес жыл ішінде жұмыс көлемі екі есеге өскен.
"1,4 миллион іс пен материал болса, бүгінде 2,7 миллион. Бұл дұрыс емес қой. Осындай жүктеме кезінде жұмыс сапасын қалай талап ете аламыз? Алматы мен Астанада судьялар жылап жүр, бір жұмыс күнінде 15-20 шешім береміз деп айтады. Бұл 2017 жыл. Ал биыл не болды? Биыл – өсім 30 %", — деді жоғарғы сот төрағасы.
Асанов шектен тыс жүктеменің екі негізгі себебін атады.
"Біріншіден, мен цифрларды айтып өттім. Екіншіден, соттар мен судьяларда сот төрелігін жүзеге асыруға қатысы жоқ артық жұмыс өте көп. Біз мынадай сұрақтар қойдық: неге істер мен материалдар легі көбейіп жатыр? Судьларды мемлекетке де, қоғамға да еш пайдасы жоқ артық жұмыстан қалай босатуға болады? Осы мәселелерді шешу үшін бірқатар пилоттық жоба жүргізіп жатырмыз. Сот бюрократиясынан бастаймыз", — деді ол.
Асанов судьяларға: мақтау қағазын алу үшін істеп жүрсіздер ме?
Асанов: сотқа көңілі толмаған жұрт бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді