АСТАНА, 10 шілде — Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевке "7-20-25" бағдарламасы туралы халыққа ақпарат беріп отыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетсек, мемлекет басшысы ұсынған "7-20-25" бағдарламасы маусым айының басында іске қосылды. Бағдарлама шартына сәйкес, бастапқы жарна – 20 процент, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 проценттен аспайды, ал ипотекалық несие 25 жылға беріледі.
"Бағдарлама нысаналы мемлекеттік қаржыландыруды талап етпейді және қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында алғашқы қарыздар беріле бастады", — деді ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Ақышевке БАҚ-қа ипотекалық несиелер туралы ақпаратты ұсынып отыруды тапсырды.
"Алғашқы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарына қажетті мәліметті беріп отыруыңызды сұраймын. Өйткені бәрі бағдарламаның қалай жүріп жатқанын қарап отыр", — деді Сағынтаев.