Қоғам

Қазақстанда ыстықтың беті қайтады – Қазгидромет

Республика аумағының басым бөлігінде ыстық басылып, солтүстік жартысында найзағай ойнап, жаңбыр жауады, күшті жел соғады
Sputnik

АСТАНА, 9 шілде — Sputnik.  Синоптиктер алдағы күндері Қазақстанның басым аумағында ыстық басылады деп болжап отыр. Жаңбыр жауып, жел күшейеді. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК хабарлады.

Бірнеше облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды

"Демалыс күндері оңтүстік облыстарда ауа температурасы 40…45°С-қа дейін көтеріліп, аптап ыстық болды. Бірақ алдағы үш тәулікте Қазақстанға Ресейдің еуропалық бөлігінен атмосфералық фронттармен бірге салқын және дымқыл ауа келе бастайды. Сондықтан республика аумағының басым бөлігінде ыстықтың беті қайтады деп болжануда, солтүстік жартысында найзағай ойнап, жаңбыр жауады, күшті жел соғады", — деп жазылған 10-12 шілденің ауа райы боламында.

Оңтүстік облыстардың кей бөлігінде, атап айтқанда, таулы және тау бөктерінде орналасқан аудандарында да өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.