Қоғам

Астананың миллионыншы тұрғыны Саида қалай өмір сүріп жатыр?

Астана қаласының миллионшы тұрғыны 2016 жылы 4 шілде күні дүниеге келген. Елорданың 20 жылдығы қарсаңында екі жасар Саида Мұхамедиярдың анасымен сұхбаттастық
Sputnik

АСТАНА, 6 шілде – Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Саиданың анасы Арайлым Мұхамедияр 22 жасында ана атанып, 2016 жылы 4 шілде күні түнгі сағат 01.00-де елорданың миллионыншы тұрғынын дүниеге әкелген. Өзі балабақша тәрбиешісі болғандықтан, күзде жұмысына оралып, қызын да балабақшаға бірге ертіп барамын деп отыр. 

"Би билеп, ән айтқанды ұнатады"

"Қызымыз Саида екі күн бұрын екі жасқа толды. Тілі ақырындап шығып келе жатыр. Өзіне керектіні түсіндіріп, айтып береді. Би билеп, ән айтқанды жақсы көреді", — дейді Арайлым Мұхамедияр. 

Саида Арайлым мен Олжас Мұхамедиярдың тұңғыш сәбилері және ата-әжесінің тұңғыш немересі екен. Сондықтан сүйіспеншілікке бөленіп, ерекше сәби болып өсіп келеді, дейді анасы.

Кішкентай Саида

\

"Ең үлкен сыйлық – 2 бөлмелі пәтер"

Арайлымның айтуынша, әкімдік қызметкерлері Саида дүниеге келгенде, перзентханаға құттықтап келген. 

"Саидаға сыйланған ең үлкен сыйлық –  қаламыздың оң жағалауынан берілген 2 бөлмелі пәтер. Ал, әкімдік қызметкерлері перзентханаға ғана құттықтап келген," — дейді Арайлым.

Астананың миллионыншы тұрғыны ата-анасымен

4 жыл кездесу, 3 жыл отбасылық өмір

"Жолдасым екеуміз студент шақта таныстық. 4 жыл кездескеннен кейін отбасын құрдық. Биыл үйленгенімізге 3 жыл болды. Әзірге, Саидадан басқа баламыз жоқ, бірақ тағы да ата-ана атану, әрине, ойымызда бар. Астанада 15 жылдан астам уақыттан бері тұрамыз. Жолдасым Қостанай облысынан, мен Павлодар облысынан келдім", — дейді Арайлым. 

Камераның алдында еркін сөйлеп үйренді  

Саида небары екі жаста болғандықтан, үлкен шаһардың миллионыншы тұрғыны екенін әлі түсінбейді, дейді анасы. 

"Бірақ, журналистер келсе, камера алдында өзін еркін ұстайды", — дейді Арайлым.

Екі жасар Саида ата-анасымен

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы 4 шілде күні Атамекен кешенінің жанындағы туды көтеру рәсімінде президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданың миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін мәлімдеп, Мұхамедиярлар отбасын шын жүректеген құттықтаған еді. Ал, қала әкімі Әсет Исекешев ата-анасымен бірге тұратын жас отбасыға 2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыстаған болатын.