Өңірлер

Семейлік қыз ҰБТ-дан бірде-бір балл жинай алмады

Түлек жауаптарды белгілеу кезінде пәндерді шатастырып алған
Sputnik

АСТАНА, 3 шілде  — Sputnik. Семейде ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде бір түлек бірде-бір балл жинай алмаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Семей білім бөлімінің әдіскері Мәкия Әмірханованың айтуынша, түлек сұрақ жауаптарын белгілеу кезінде пәндерді шатастырып алған. 

Министрлік ҰБТ-дан өтпей қалған 14 мың түлекке не істеу керек екенін айтты

"Бүкіл пәнді шатастырып алған. Мүмкін қобалжыған шығар, ол жағы белгісіз. Енді ол тамыз айында ҰБТ-ны екінші рет тапсырады. Сол кезде он бір жыл бойы алған білімін дәлелдейді деп үміттенеміз", — деді Әмірханова Sputnik Қазақстан агенттігіне. 

Әмірханова техникалық қателіктен төмен балл жинаған түлектер қалалық білім бөлімінің бақылауында екенін атап өтті. 

"Жалпы биыл қалада ҰБТ тыныш өтті. Шекті ұпай жинай алмағандар да болды, әрине. Қазір олардың ата-анасы бізге хабарласып, не істеу керектігін сұрап жатыр. Тамыз айында олардың барлығы сынақты қайта тапсырады", — деді ол. 

ҰБТ-дағы 140 балл: Назарбаев университеті түлекті неге қабылдамайтынын түсіндірді>>

Оның айтуынша, биыл Семейде 1415 түлек ҰБТ тапсырған. Орташа балл 84,7 балды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 82,6 балл болған. Түлектердің 85 проценті шекті 50 балды жинады. Аудиториядан қуылған, ҰБТ нәтижесі жойылған балалар болған жоқ, деді білім бөлімінің әдіскері.

"Әуелі анамды қуанттым": маңғыстаулық екі түлек ҰБТ-дан 136 балл алды>>