Өңірлер

Танымал қазақ актерінің бірінші әйелі кісі қолынан қаза тапты

Гүлдерайым Омарова дүйсенбі күні 30 жас шамасындағы екі әйелдің қолынан қаза тапты
Sputnik

АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Алматыда белгілі тележурналист, актер Рахман Омаровтың бірінші әйелі Гүлдерайым Омарованы пәтер ақысын алуға барғанда екі әйел пышақтап өлтірген. Бұл туралы отбасының өнердегі досы Қарагөз Сүлейменова Инстаграмдағы парақшасында хабарлады.

Оралда жас жігітті өз ауласында өлтіріп кетті

"Жанымыз құлазып, жүрегіміз жылап отыр. Орны толмас қаза. Дүйсенбі күні Гүлдерайым Омаровадан айырылып қалдық. Тапа-тал түсте кісі қолынан қаза тапты. Заманның айуандалғаны соншалық, квартиранттарынан ақша алуға барғанда 30-дың төңірегіндегі екі әйел пышақтап өлтірген. Алла жазаларын берсін. Мінезге бай, көпшіл, тәрбиелі, қазақтың данакөз қыздарының бірі еді. Өте кішіпейіл, аса инабатты, жайдары жүзі көңілімізден кетпейді. Артында арыстай үш ұлы қалды. Тұңғыштарының атын Рахман екеуі Досхан деп қойып еді. Ол бала Чехияда екінші курсты бітірді. Екінші ұлы мектеп бітірді. Кенжесі 8 жаста. Рахман Омар екеуінің бастаған өмір жолдары көз алдымызда өтті", — деп жазды Қарагөз Сүлейменова. 

Ол марқұм бүгін жер қойнына тапсырылғанын атап өткен. Айтуынша, Гүлдерайым өмір бойы ерінің абыройын асқақтатып, азаматтарына талмай тәрбие берген.  

"Алланың қалауы болар, ортамыздан мезгілсіз кетті. Артында қалған ұлдарына анасының көрмеген қызығын, жасамаған жасын берсін. Алланың бұйрығына амал жоқ. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаны жәнатта болғай. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Аллам ұрпақтарына өмір берсін. Мәңгі жүрегімдесің", — деді Қарагөз Сүлейменова.