Оқиға

Көпірден ұшып кете жаздады: жол апатынан 9 жасар қыз бен әйел зардап шеккен

Қазір оқиға орнында жол полициясы тексеру жүргізіп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды
Sputnik

АСТАНА, 28 маусым – Sputnik. Алматыда Рысқұлов даңғылында Қайрат ауылына бұрылар жерде жол апаты болды, деп хабарлады оқиға куәгерлері Sputnik агенттігіне.

Оқиға куәгерлерінің сөзіне сүйенсек, SsangYong Istana микроавтобусы Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта бара жатып, солға қарай бұрылады. Сол кезде Audi Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатқан. Жүргізуші тоқтап үлгермей, өзіне жол бермеген микроавтобусқа бар жылдамдығымен соғылады.

Алматыда жол апатына ұшыраған көлік көпірден ұшып кете жаздады

Қатты соққыдан екеуі де көпірге ығысқан. Audi бетон тақтайшаға соғылса, SsangYong Istana металл қоршау мен жол белгілерін бұзып өтіп, көпірден ұшып кете жаздап тоқтаған.

Жол апаты салдарынан екі адам зардап шекті. Audi көлігінде отырған 2009 жылғы қыз бен әйел адам. Әртүрлі жарақат алған олар жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында жол полициясы мән-жайды анықтап жатыр.