Қоғам

Исламда қандай сөздерді қалжыңдап болса да айтуға болмайды?

Ислам дінінде үш нәрсенің қалжыңы да, расы да жүзеге асады, олар: талақ, азат ету және неке
Sputnik

АСТАНА, 24 маусым — Sputnik. Ерлі-зайыптылар талақ етуді арнайы ниеттеніп емес, жай ғана "мен талақ еттім" деген сөздерді бір-біріне әзілдеп айтуы мүмкін. Егер отбасылы ер мен әйел бір-біріне осы сөздерді айтатын болса, Әбу Ханифа мен Имам Шафиғи мазхабы бойынша, талақ іске асып, екеуі сол сәтте-ақ ажырасып кетеді, деп жазды ummet.kz.

Дінтанушы талақ айту туралы: көп әйел алуға қызыққандар дін талаптарын аяқасты етуде

Бұған қасиетті Құрандағы: "Алланың аяттарымен ойнамаңдар" – деген аят дәлел  ("Бақара" сүресі, 231-аят). Имам Мұхаммед бізге Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Үш нәрсенің қалжыңы да, расы да жүзеге асады (яғни шындыққа есептеледі): талақ, азат ету және неке", – дегені жеткен дейді. Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Шын мәнінде, талақ етудің ойыны мен шындығы бірдей болғанындай неке қиюдың да қалжыңы мен расы пара-пар (есептеледі)", – дейді.

Әл-Хасан риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде-кім ойнап, не қалжыңдап талақ қылса немесе ойнап неке қиса, ол оған рұқсат етіледі (яғни жүзеге асады)", – дейді. Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын): "Кімде-кім ойнап талақ қылса, неке қиса немесе (құлды) азат етсе, ол оған рұқсат етіледі (ол шынайы жүзеге асқаны)", – деп айтқан.

Діни басқарма: мұсылман қызға орамал тағу – міндет>>

Әбу Дарда (оған алла разы болсын): "Үш нәрседе: некеде, талақта және құл азат етуде қалжыңдаушы рас айтушы (есептеледі)", – деп жеткізеді. Сондықтан, ойнап болса да "ажырасам" деген сөзді айтпауымыз керек екен.

Баласы "Алла" атын аузына алып, намазға жығылса ата-ана неге қорқады?>>