Саясат

Абаев Тоқаевтың "Назарбаев келесі сайлауға қатыспайды" деген сөзіне пікір білдірді

Министр сайлауға қатысу туралы шешімді мемлекет басшысы жеке өзі қабылдайды деп есептейді
Sputnik

АСТАНА, 21 маусым — Sputnik. ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтуі тиіс кезекті президент сайлауына түспейді деген сөзіне пікір білдірді. 

Тоқаев: Назарбаев 2020 жылғы президент сайлауына қатысатынына сенбеймін

Министр 2020 жылға дейін әлі көп уақыт бар екенін және сайлауға қатысу туралы шешімді мемлекет басшысы жеке өзі қабылдайтынын атап өтті.  

"2020 жылға қарай біз ол уақытта жағдайдың қалай болатынын қарауға тиіспіз", — деді Абаев журналистерге.

 "Дегенмен президентпен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген адам ретіндегі жеке пікірімді айтсам, мемлекет басшысының саясаттағы, экономикадағы мол тәжірибесін ескеріп, оның халықаралық беделін ескере отырып, егер мемлекет басшысы 2020 жылы сайлауға қатысатын болса, одан Қазақстан тек қана ұтатынына сенімдімін", — деп толықтырды Абаев.

Бұған дейін Тоқаев Назарбаев 2020 жылғы президент сайлауына қатысатынына сенбейтінін мәлімдеді.

Назарбаев парламентке үндеу жолдады

Қазақстанның қазіргі президенті осы жазда 78 жасқа толады. Ол 1991 жылдың 1 желтоқсанында алғашқы бүкілхалықтық сайлаудың қорытындысы бойынша президент болып, содан бері елді басқарып келеді. 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен соңғы кезектен тыс сайлауда мемлекет басшысы сайлаушылардың 98% дауысын иеленіп, бесінші рет жеңіске жетті. Оның өкілеттігі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады. Коституцияға сәйкес, Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде бұл лауазымға өмір бойы сайлауға түсе алады.