Қоғам

Пойыз апатынан қаза тапқан баланың отбасы Ыстықкөлге демалуға бара жатқан

12 жасар Алексей Малинев пен оның отбасы жайында көршісі айтып берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 маусым — Sputnik. Пойыз апатынан қаза тапқан 12 жасар бала ата-анасы және інісімен бірге Қарағанды облысы Құшоқы ауылынан Ыстықкөлге демалуға бара жатқан. Бұл туралы Sputnik тілшісіне отбасының көршісі Наталья Шайхова айтты.

Пойыз апаты кезінде зардап шеккендердің аты-жөні жарияланды

"Олар балалармен Ыстықкөлге демалуға бара жатқан. Сапар алдында балалардың бірінің туған күні болды. Олар жай ғана кәмпит-шоколадпен үйде атап өтіп, демалысқа баруды жоспарлаған, балаларды көлге апарғысы келді", — дейді әйел.

Наталья Шайхованың сөзіне сүйенсек, баланың ата-анасы Григорий және Ольга Малинёвтер. Інісі Андрейдің жасы жетіде. Әйел адам Алексейді жиі көріп тұрады екен.

"Немерем бар, екеуі үнемі бірге жүретін, күнде таңертең стадионға барып футбол ойнайтын. Бір топ баламен біздің аулада асыр салатын. Өте мейірімді, ақкөңіл еді, үнемі амандасып жүретін. Алексей бауырын даярлық сыныбына апарып, өзі алып кететін. Ата-анасы жұмыста болғанда, өзі тамақ беріп, көшеге алып шығатын. Бауырына үнемі қамқор болушы еді, сондай жақсы бала болатын", — дейді Шайхова.

Жексенбі күні Астана – Алматы бағдарлы пойызының 8 вагоны аударылды. Пойызда барлығы 829 жолаушы болған.