Қоғам

Футболдан әлем чемпионаты: Ресей алғашқы ойында 5:0 есебімен жеңіске жетті

Ресей құрамасы әлем біріншілігінің алғашқы ойынында Сауд Арабиясының тас-талқанын шығарды
Sputnik

АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. 2018 жылғы әлем біріншілігінің алғашқы матчында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамалары кездесті, деп хабарлады prosports.kz.

Футболдан әлем чемпионатына арналған айшықты граффити

Мәскеудегі "Лужники" стадионында Әлем чемпионатының ашылу салтанатында британиялық белгілі әнші Робби Уильямс өнер көрсетті. Сондай-ақ салтанатты шараға екі дүркін әлем чемпионы Роналдо мен ресейлік опера әншісі Аида Гарифуллина да қатысты. Артынша Ресей елінің басшысы Владимир Путин мен ФИФА-ның президенті Джанни Инфантино сөз сөйледі. 

Дүбірлі доданың шымылдығын Ресей мен Сауд Арабиясы құрамалары ашты. Жарыс қожайыны Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы матчтың 12-ші минутында алаң иелері сапынан Газинский көзге түсіп, әлем чемпионатының алғашқы голын соққан болатын. Ойынның бірінші бөлігі аяқталар тұста Ресей құрамасының ойыншысы Денис Черышев есепті еселей түсті. Ал 71-ші минутта алаңға тыңнан қосылған әріптесінен әуелетіп пас алған Артем Дзюба допты қақпаға дәл көздеді. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Денис Черышевтың алыстан тепкен жойқын соққысы қақпаға тура түсті. Арада бірер минут өткен Головин айып добын керемет орындап, есепті 5:0-ге жеткізді. 

Осылайша, Ресей құрамасы әлем біріншілігінің алғашқы ойынында Сауд Арабиясының тас-талқанын шығарды.

Әлем чемпионаты-2018

Ресей — Сауд Арабиясы 5:0 (2:0)

Гол: 12' Газинский, 42' Черышев, 71' Дзюба, 91' Черышев, 94' Головин

Ресей: Акинфеев, Фернандес, Кутепов, Игнашевич, Жирков, Газинский, Зобнин, Самедов, Головин, Дзагоев, Смолов.

Сауд Арабиясы: Аль-Маюф, Аль-Бурайк, Усама Хавсави, Омар Хавсави, Аль-Шахрани, Отайф, Аль-Доссари, Аль-Фаридж, Аль-Джассим, Аль-Шехри, Аль-Сахлави.