Қоғам

Қазақстанда мыңнан аса шенеунік қызметінен айырылуы мүмкін

Қазір республикада 100 мыңға жуық шенеунік жұмыс істейді
Sputnik

АСТАНА, 13 маусым — Sputnik. Мамыр айында қабылданған кәсіпкерлік қызмет туралы заңнан кейін мыңнан аса шенеунік жұмыстан шығарылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бұл не деген сұмдық". Депутат Қазақстандағы шенеуніктер санын Жапониямен салыстырды

Елбасы өткен айдың соңында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға жария түрде қол қойған еді. Енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты – бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу. Заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазір республикада әртүрлі деңгейде 98 мың шенеунік жұмыс істейді. Қабылданған заң аясында талдау жүргізіліп, олардың санын қысқарту бойынша нақты жоспар жасалды. 

"Біз талдау жүргіздік, қазір бізде қанша адам қысқаратыны туралы нақты жоспар бар. Шамамен 1 131 шенеунік. Бірақ олар жұмыс істеп жатқандар бола ма, немесе бос орындарды қысқартамыз ба, ол жағы әлі белгісіз", — деді Сүлейменов мәжіліс кулуарында. 

Министр шенеуніктерді қысқарту туралы соңғы шешімді үкімет пен президент әкімшілігі қабылдайтынын атап өтті. 

"Қабылданған шаралар президенттің Қазақстанда ықшам әрі тиімді үкімет құру туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді", — деді ол.