АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Жарты жылдың қорытындысы бойынша бюджетті игермеген министрліктерден ақша кері алынып, қаржы көзін қажет етіп отырған салаларға беріледі. Бұл туралы бүгін ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкіметте 2018 жылдың 5 айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындысы қаралды. Министрлердің баяндамасынан кейін күн тәртібіндегі мәселені қорытындылаған үкімет басшысы экономикада өсім жоқ екенін, бюджеттен бөлінген қаржы тиімді игерілмей отырғанын айтты. Сағынтаев жай жатқан ақшаны қаржы көзін іздеп отырған жобаларға бөлуді тапсырды.
"Бақыт Тұрлыханұлы (қаржы министрі – автор ескертп.), алты айдың қорытындысы бойынша ақшаны игермегендердің бүкіл қаржысы алынады. Бізде Елбасының тапсырмасы бар, ауыл шаруашылығын, өңдеу саласын дамыуға қазір қаржы көзін іздеп жатырмыз. Данияр Талғатұлы (Ұлттық банк басшысы – автор ескерт.) баяндамасында айтып өтті, экономиканы кредиттеуге қаржы көзін қарастырып жатырмыз. Міне қараңыздар, бізде 100 миллиад теңгеден астам қаржы тұр игерілмей. Экономикаға жұмыс жасамайды. Одан да осыны аламыз да, керек салаға береміз. Ал өңірлерде атқарылмаған істер үшін әкімдер халық алдында өздері жауап берсін", — деді Сағынтаев.
Ол үкімет бөлген қаржының неге уақытында тиімді игерілмейтініне ашуланды.
"Елбасының тапсырмасы бойынша үкімет қаржыны бөлді, парламент қолдады, бюджет қабылданды. Ал қаржы игерілмейді, қашанғы күтіп отырамыз? Не экономикада өсім жоқ, не халыққа айтар сөзіміз жоқ. Бәрін қатырып жатырмыз деп есеп береміз, ал одан кейін бәрі ұмытылады. Құрметті әріптестер, айтпады демеңіздер, алты айдың қорытындысынан кейін игерілмеген ақшаның бәрі басқа салаға жұмсалады. Соңғы рет ескертіп отырмын. Ары қарай не істейтіндеріңіз – сіздердің шаруаларыңыз, халық алдында да, Елбасының алдында да өздеріңіз жауап бересіздер. Ерболат Әскербекұлы, Асқар Ұзақбайұлы (орынбасарлары – автор ескерт.), бақылау сіздерде", — деп тапсырды үкімет басшысы.