Өңірлер

Шымкенттің миллионыншы тұрғынына екі бөлмелі пәтер сыйға берілді

Қыз бала мамыр айында дүниеге келген, облыс және қала әкімдері ата-анасын құттықтады
Sputnik

ШЫМКЕНТ, 6 маусым — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысы билік өкілдері Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүниеге келген отбасыға екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты.

Облыстық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген Айсұлу Еламанова болды. Айсұлу – жас отбасының тұңғышы. Анасы банкте қызмет етеді, ал әкесі – облыстық психоневрологиялық диспансердің қызметкері.

"Нәрестенің ата-анасы мұндай тарихи сәт бұйырғанына қуанышты екендерін жеткізіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті азаматша етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын айтуда", — делінген хабарламада.

Еламановтар отбасын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев құттықтады.