Қоғам

Ақжарқын Тұрлыбай Қытай түрмесінде немен айналысып жүр?

Қазақстандық қыздың Қытай түрмесінде жатқанына төрт жыл болды
Sputnik

АСТАНА, 6 маусым — Sputnik. Қытайда есірткі контрабандасы үшін сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай қытайларға ағылшын тілін үйретіп жүр, деп хабарлайды Sputnik

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қызметкері 22 мамырда Тұрлыбаймен кездесіп қайтты. Айтуынша, отандасымыздың денсаулығына, түрменің тамағы мен тұру шарттарына ешқандай шағымы жоқ.

Өмір бойына сотталған Челах пен Күлекбаев жазасын қалай өтеп жатыр?

"Ол өзін жақсы сезінеді. Түрмеде отырған уақытында қытай тілін жақсы меңгеріп алды, қазір қытайларға ағылшын тілін үйретіп жүр. Дене шынықтырумен айналысады. Елшіліктің консулдық қызметкерлері онымен үнемі байланыста, қажетті көмек көрсетіп жатыр. Қалаған кезде кітаптар апарып, жеке қолдануға қажетті заттарды сатып алу үшін ақша аударады (мекеменің есепшотына)", — делінген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарламасында. 

Айта кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында есірткі тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу қаласының әуежайында ұсталған болатын. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болды. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ. 

Кейін апелляциялық инстанция соты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімді жойды.

2016 жылдың қарашасында Тұрлыбайдың ісі бойынша апелляциялық тыңдау өтті. 

Ақжарқын Тұрлыбайдың апелляциялық алқа шешімін күтіп жүргеніне бір жарым жыл болды.