Қоғам

Менингиттен қайтыс болған өрт сөндіруші ауруханаға жатудан бас тартқан - дәрігерлер

Ораза ұстайтын ер адам тиісті дәрі-дәрмек ішуден де бас тартты, деп хабарлайды дәрігерлер
Sputnik

АСТАНА, 5 маусым  — Sputnik. Алматыда менингиттен қайтыс болған 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың өліміне қатысты мән-жай белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.

Астанада әл-ауқаты төмен отбасылар менингитке қарсы екпені тегін ала ма?

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Амангүл Дүйсенованың айтуынша, ер адамның аузы берік болған.

"Стационарға қаралған соң, біздің кеңесімізге қарамастан ауруханаға жатудан бас тартты. Оған жазып берген дәрі-дәрмекті де ішпеген. Сондай әлсіз әрі науқас хәлде үйіне барып, ұйықтап қалады. Туыстары демалып жатқан шығар деп мазасын алмаған. Ауруы әбден асқынып, хәл үстінде жатқанда стационарға жеткізілді", — деді Амангүл Дүйсенова брифингте. 

Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайтыс болған алты науқастың үшеуі ораза ұстаған екен.

Бұдан бұрын бас имам аузы берік қауымға үндеу жасап, ауру белгілерін байқаған жағдайда, оразаны тоқтатып, дәрігерге қаралуға шақырып, жіберіп алған күндерін кейін өтеуге болатынын атап өткен еді.

Елімізде менингит індетінен 13 адам қайтыс болды.