АСТАНА, 5 маусым — Sputnik. Шымкент қаласы әкімдігі мен мәслихат депутаттары қала мәртебесі туралы бірлескен шешім қабылдады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, қалалық мәслихат депутаттары мен қала белсенділері қатысқан.
"Сессияда Шымкент қаласының әкімдігі мен мәслихаты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды. Енді бұл құжат Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылады", — делінген хабарламада.
Халық қалаулыларының алдында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев "Сессияда тарихи құжатқа қол қойылды, бұл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуда ауқымды жұмыстың бастауы болды" деп атап өтті.
Республикалық маңызы бар қала мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мұндай өзгеріс қаланың дамуына, сондай-ақ, мегаполистің әр тұрғынына да оң әсер алып келеді.
"Алда жоспар көп, олардың барлығы мәслихат депутаттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асады", — деп Шымкент қаласы әкімі Нұрлан Сауранбаев сессияны қорытындылады.