Қоғам

Астанада әл-ауқаты төмен отбасылар менингитке қарсы екпені тегін ала ма?

Қала әкімі Исекешев менингит індетіне қатысты мәлімдеме жасады
Sputnik

АСТАНА, 5 маусым  — Sputnik. Астана әкімі Әсет Исекешев елордадағы менингитке қатысты ахуал туралы пікір білдірді.

Премьер-министр: менингитке қарсы екпе бағасы тым қымбат

Әкімнің сөзіне сүйенсек, жұқпалы ауру бақылауға алынған, сол үшін арнайы медициналық штаб құрылыпты. Қалалық ауруханаларда кезекшілік күшейтілді.

"1414 колл-центрі тәулік бойы жұмыс істейді. Біз профилактикалық шараларға назар аударып жатырмыз. Халықты хабардар етіп, жалпы профилактика күшейтілді. Екіншіден: жедел жәрдем дәрігерлерінің жұмысы, ауруды алдын ала анықтау мақсатында учаскелік дәрігерлердің қызметі күшейтілді. Ауруханалар дайын, дәрі-дәрмек бар", — деп хабарлады қала басшысы "Астана – әлем қаласы" ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында тілшілерге.

Әсет Исекешев бұрын жансақтау бөлімінде жатқан үш жасар баланың хәлі жақсарғанын хабарлады. Балақай қазір палатаға шыққан екен.

"Әл-ауқаты төмен отбасылар менингитке қарсы екпені тегін ала ма?" деген сұраққа Астана әкімі бұл мәселеге денсаулық сақтау министрлігі жауапты екенін айтты.

"Тағы да атап өтсем, қажетті дәрі-дәрмек бар. Қандай екпенің тегін берілетінін денсаулық сақтау министрлігі шешеді. Бүгін бас санитарлық дәрігердің брифингі болады, солардың шешімін күтеміз. Біз өз тарапымыздан кез келген қажетті шешімді қабылдауға әзірміз", — деп ойын қорытты Әсет Исекешев.