АСТАНА, 5 маусым — Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев менигококк жұқпасына қарсы екпенің бағасын төмендетуді тапсырды.
"Тағы бір мәселе – екпе, оны жасату керек пе, әлде жоқ па. Кеше маған ірі кәсіпорынның басшысы келіп, жұмысшылардың бәріне екпе салғызу керек пе деп сұрады, өйткені жұмысшылар алаңдап жатқан көрінеді. Ешкім оларға бұл ақпаратты бермеген", — деді Сағынтаев сейсенбі күні үкімет отырысында.
"Екпенің бағасы тым қымбат: бір облыста 40 мың, екіншісінде 20 мың теңге. Мұндай жағдайда министрлік пен әкімдер мәселені қолға алып, тиісті көмек беруі тиіс және екпенің бағасын төмендету керек. Жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ",— дейді премьер.
Бұдан бұрын денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлағандай, Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері менингококк жұқпасы 58 науқаста тіркелген. 13 адам дерт салдарынан көз жұмды, оның ішінде Алматы облысында – 4, Қызылорда облысында – 1, Оңтүстік Қазақстан облысында – 2 және Алматыда – 6 адам. Қаза тапқандардың алтауы балалар.
Қазір қазақстандықтар менингитке қарсы екпені ақшалай жасата алады. Бұдан бұрын шыққан мәліметке сай, Астанада балалар мен ересектерге екпе бағасы 28 мың теңге, Алматыда — 22,5 мың теңге.