Өңірлер

ОҚО-да жабайы елік пен қарақұйрық өсірілмек

Оңтүстік Қазақстандағы фазанарийге Алматы облысынан 20 елік, Алтын емел саябағынан 20 құлан мен қарақұйрық әкелінеді
Sputnik

АСТАНА, 2 маусым — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысы жабайы жануарлардың санын көбейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстан облысында жабайы жануарлардың санын көбейту мақсатында өткен жылы фазанарий құрылған еді. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде құрылған фазанарийде "Елік", "Қырғауыл" тұқымбақтары, ал Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлеккеттік орман қоры жерінде "Құлан мен қарақұйрық" тұқымбақтары жасақталған. Ондағы 200 гектар аумақта құлан және қарақұйрық, 10 гектар жерде Сібір елігі мен 2 гектар аумақта қырғауыл құсын қолдан өсіру жоспарлануда.

Осы жылы елік тұқымбағына Алматы облысының Іле өзенінің бойынан 20 бас елікті, яғни, 3 аталық, 12 аналық және 5 төлін аулап, алып келу көзделуде. Еліктің Еуропа, Сібір, Маньчжур үш түрі таралған болса,  Қазақстанда Сібір түрі  кездеседі. 

Ал қырғауыл тұқымбағында бүгінде 34 бас құс бар. Олардың жұмыртқасы алынып, инкубаторлық жолмен көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қоры жерінде салынған құлан мен қарақұйрық тұқымбағына биыл аңның 20 басын (15 аталық, 5 аналық) және қарақұйрықтың 20 басын (3 аталық, 12 аналық және 5 төлі) Алтын емел ұлттық табиғи саябағынан аулап, алып келу жоспарлануда.