Саясат

Қытайдың танымал сайты Қазақстан жайлы айдар ашпақшы

"Kazakhstan view" деп аталатын айдарда Қазақстан туралы ақпарат беріледі
Sputnik

АСТАНА, 1 маусым — Sputnik. Бейжіңде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бірінші медиасаммиті өтті. Онда сөз сөйлеген Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Нұргүл Мауберлинова соңғы жылдары ұйымға мүше мемлекеттердің жетекші ақпарат құралдары өзара тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды 24.kz. 

Қазақстан мен Қытай арасында салынатын бөгетке қанша ақша жұмсалады?

Бүгінде Қазақстан Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан және Тәжікстанның ірі агенттіктерімен екіжақты байланыс орнатқан. Бұл мемлекеттерде "Хабар" агенттігінің тілшілер қосыны ашылып, белсенді түрде ақпарат беріліп келеді. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында өзге де елдермен ақпарат саласындағы байланысты арттыра түсуге ниетті. Медиасаммитте Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қытай мемлекеттік кеңесінің баспасөз кеңсесі арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары ынтымақтастығына ықпал ету жоспары жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек қазақстандық халықаралық ақпарат агенттігі мен "Жэньминь Хуабао" журналы екіжақты байланыс орнату туралы құжатқа қол қойды. 

"Қытайдың ең ірі бір порталында "Kazakhstan view" деген айдар ашылады. Сол жерде бірнеше миллион қытай аудиториясына Қазақстан туралы ақпарат беріледі", — деп атап өтті "Kazinform" ХАА бас директоры Асқар Омаров.

"Шанхай ынтымақтығы ұйымының 17 жылдық тарихында медиасаммит алғаш рет өтіп тұр. Оның маңыздылығын ескеріп Төраға Си құттықтау жолдады. Келешекте ұйым аясында ақпарат алмасу одан әрі артады деп ойлаймын. Қазақ еліндегі әріптестермен екі жылдан бері байланыс орнатылған. Жүзеге асырсақ деген бірлескен жобаларымыз бар", — дейді "Қытай экономикасы" порталының президенті Ван Сюйдун.